Билік

Қала әкімінің тұрғындар алдындағы кезекті есебі

 

 

 

 

 Жыл бойы атқарылған істің сыншысы халық. Жақсыны асырып, кемшілікті көрсетіп беретін тұрғындар есептік кездесулерге белсенді қатысады. Облыс орталығының әкімі Нұржан Әшімбетов алдымен өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындардан түскен мәселелердің қаншалықты шешілгені жайлы сөз етті. Былтырғы  63 арыз-өтініштің 61-і  орындалыпты. 3-Кірпішті көшесіндегі ағын су канализациясы тазартылды. 1-Заречный көшесіндегі ағаштар кесілді. Бірқатар үйлердің аулалары көркейтіліп, жарық тартылды. Заречный кенті – Петропавл ауыр машина жасау зауыты арасында автобус бағыты ашылды.Бірақ бұл теңізге түскен тамшы секілді. Есептік кездесуге жиналған халық тағы бір топ мәселенің шетін шығарды. Мәселен 1- Заречная көшесіне асфальт төсеу қажет.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

 -Көктемде барлық көшелерді қарап, комиссия шешім қабылдайтын болады. Өткен жылы жол жөндеуге 400 миллион теңге жұмсадық, 150 миллионы Әуезов көшесін жөндеуге кетті. Биыл да аз қаржы бөлінбейді. Депутаттармен бірге қарастыратын боламыз.

1- Заречная көшесіндегі жылыту мәселесі әлі де өзекті. Өткен жылдары орталық жылу жүйесіне қосылған кент тұрғындарының қуанышы ұзаққа бармаған. Қайта жылусыз қалғандардың жағдайы қазір басшылық назарында.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:  

– Бұл көшедегі үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу үшін 30 миллион теңге қажет. Бюджетті нақтылау кезінде бұл қаржы қарастырылады деп ойлаймын.

Кездесу барысында тұрғындар мен атқарушы орган өкілдерінің бірлесе атқарған жұмыстарының оң нәтижелері жайында да біраз айтылды. Бірақ қоқыс мәселесіне келгенде екі жақ өзара келісе алмады. Жеке сектордың қоқысын дұрыс шығармай, есесіне тұрғындардан ақша жинай алмай отырған “Спецавтобаза” кәсіпорнының басшылығы сынның астында қалды. Тұрғындар тұрмыстық қалдық мәселесін әр кездесу сайын көтеріп жүр.

  Нұржан Әшімбетов , Петропавл қаласының әкімі:

– Хромзауыттың қоршауының сыртында қоқыс үйіндісі бар. Көктемде шашылып, берекені алатын түрі бар. Осы қоқысты шығаруды ұйымдастыруды өтінеміз. Жарайсыңдар, қоқыс үйіндісін ұйымдастырып, оны шығаруды сұрайсыздар.

Қала әкімі белгіленбеген жерге қоқыс үюшілермен санитар мамандар мен полицейлер айналысатынын құлаққағыс етті. Осылайша айыппұл арқылы тұрғындарды да тазалыққа үйрету қолға алынбақ.
Қала әкімі Нұржан Әшімбетов Заречныйдың тұрғындар атаған көшеге жарық тартуға уәде етті. Сондай-ақ 6 бағытқа қосымша автобус қосу, Кірпішті кентіндегі Карьерная көшесіне қиыршық тас төсеу, өткен жылдың аяғында суда қалған үйлердің тұрғындарына көмек көрсету мәселелері де қарастырылатын болды.

Әсем Рахметова