Ауыл шаруашылығы

Мал басы жаппай асылдандырылады



 

 

Президент 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетуі қажет деген міндет қойды. Мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең деді. Мемлекет бағдарламаны орындау үшін 130 миллиард теңге несие бөледі. Қазіргі кезде облыста асыл тұқымды мал өсірумен  28  шаруашылық айналысады. Олардың 19-ы етті ірі қара өсіруді қолға алған. 9 шаруашылық сүтті бағытты таңдапты. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау үшін бұл аздық етеді. Ғалымдар асыл тұқымды мал басын өсіретін шағын фермаларды көбейту қажет дейді.

 Қанат Мыңжасов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ директоры:
-Ауылға жағдай жасау үшін мал шаруашылығын дамыту керек.
Қазіргі кезде облыста асыл тұқымды малдың басы 20 пайыз, республикада 5 пайыз ғана. Шет елдерде бұл көрсеткіш 50 процент болады. Асыл тұқымды мал басын өсіру керек. Биыл республикаға 10 мың етті ірі қара шет елден әкелінеді.

Болашақта шетелден Қазақстанға 72 мың бас етті мал әкелінеді. Биыл республикаға оның алғашқы он мыңы жеткізілмек. 2 мыңын облыстағы шаруашылықтар алады. Мұнымен қоса ғалымдар малды асылдандыруды қолдан ұрықтандыру арқылы да жүзеге асырмақ. Ақпан айында жергілікті және астаналық ғалымдар бірлесе отырып, тәжірибе станциясында асыл тұқымды малдардың эмбриондарын аналық сиырларға салу жұмыстарын жүргізбек. Егер тәжірибе жемісті болса, өзге де шаруашылықтардың малдары ұрықтандырылады.

Асқар Естанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
-Селекция малды сұрыптау-жұптау дегенді білдіреді. Біз етті қазақтың ақ бас сиырларын шетелдік Герефорд сиырларымен шағылыстырып, жаңа төл аламыз.

Президент жолдауында малды асылдандыру жұмыстары талапқа сай жүретін болса, ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады деді. Отбастарының кірісі де молаймақ. Қазақстан етті малды көбейте отырып, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, артығын сыртқа да шығарып, мал шаруашылығын бәсекеге қабілетті етеді.

Дана Ғизатова