Спорт

Дмитрий Бабенко – Азиаданың күміс жүлдегері

 

 

 

 

 Республика құрамасы спорттың бірнеше түрінен – биатлон, шаңғы, тау шаңғысы, фристайл, трамплиннен секіру, шаңғымен спорттық бағдарлау және конькимен жүгіруден жоғары көсеткіштерге ие. Ел спортшыларының толағай жеңісіне солтүстікқазақстандықтардың қосқан үлесі де зор. Конькимен жүгіруден өңіріміздің белгілі спортшысы Дмитрий Бабенко ІІ орынды еншілеген. Жерлесіміз   Корей азаматы Ли Сын Хунға жол беріп алған. Қола медаль жапондық Хироки Хиракиға тиіпті.

 
 Жаңа қоян жылында елімізде өтіп жатқан маңызды спорттық шараға солтүстікқазақстандықтар ерекше қолдау көрсетуде. Осыған орай әр аудан орталығында спорттық фестиваль ұйымдастырылды. Пестрое көлінің маңында5 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан жарыс өтті.  
 

 

7-ші қысқы Азия ойындарында ел намысын арқалаған ұлттық құрама сапындағы 164 спортшы жарыс шеңберіндегі 11 спорт түрінен бақ таластыратын болады. Бір апта бойы алып Азия құрлығының алпауыттары арасында 4 жылда бір ұйымдастырылатын сайыста 69 алқа жиынтығы сарапқа салынады. Солтүстік Қазақстан топырағы ақ Азиадаға үкілеп ұшырған Аслан Тоқпанов, Дмитрий Бабенко, Раман Креч, Татьяна Сокирко, Елена Урванцева сынды сайыпқыран спортшыларымыз дүбірлі додада түрлі қашықтықта коньки және шаңғы сындарында тартысқа түсетін болады. Қоян жылындағы басты спорттық шараның елімізде өткізілуін қолдаған мыңдаған солтүстікқазақстандық Пестрое көлінің жағасына жиналды. Тарихи маңызды оқиғаның басталуымен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов пен қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жерлес спортшыларымыздың аламан бәйгеде озуын тіледі.

 Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:
– Азиада еліміздегі спорттың қарқынды дамуына үлкен серпіліс беретіні анық.
Бұқаралық, әсіресе ауыл спорты жанданып, дамитын болады. Түрлі деңгейдегі сайыстар көбейетін болады. Ал мына тұрған Пестрое көлінің жағажайында биыл қалалықтардың сүйікті орнына айналатын тәуелсіздік саябағы құрылмақ.  

Астана мен Алматыдағы тартыстарда жүрген қазақстандық спортшыларды алау эстафетасында достық шырағын қаламыздың бас көшелерімен алып жүрген алаугерлер де құттықтады. Ал өнер ұжымдары қолдауларын ән-жырмен жеткізді. Кейін жиналған қауым  спорттың 6 түрінен күштерін сынап көрді. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов бастаған топ 1 шақырымдық қашықтыққа жаппай шаңғымен жүгірді. Мұз айдында хоккейшілер,  конькишілер сынға түсті. Арқан тартыс пен жүгіру, эстафеталық жарыстан да мықтылар анықталды. Ал кішкентай қолдаушылар мұздан құйылған қалашықтың қызығына бөленіп, сырғанақ тепті. Спорттық фестиваль бойы жылыну және ыстық тамақ пункттері жұмыс жасады. Жеңімпаздар құнды сыйлықтармен марапатталды. Ең бастысы Азиададағы спортшыларымызды қолдауға келгендер ашық аспан астында таза ауада денсаулықтарын шыңдап, денелерін сергітіп алды.

Орман Құсайынов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Салауаттылықты дамытып, денсаулығымыз жақсарып қалды. Осындай шараларды көп ұйымдастырып отырса, келіп қатысып жүреміз. Келгенімнің 1-ші мақсаты Азиаданы қолдау. Қазақстан тек қана алдан көріне берсін. Спортшыларға сәттілік тілейміз
 Жанаш Жүсіпова,  №6 қазақ орта мектебі директорының орынбасары:
-Әр түрлі ұжымдардың арасында талай сайыстар болып жатыр.
Соның ішінде пима кигендер арасында сайысқа түсіп төртінші орын алдым. Қала сыртына шығып Азия ойындарына қатысушыларға қолдау білдіріп жатырмыз. Олар бірінші орынға шығып Қазақстанның туын желбіретіп, ән-ұранымызды шырқатады деген үміттеміз.
Жанат Елеусізов
, Петропавл қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдістемелік орталығының директоры:
Өздеріміздің жерлестерімізге алда сәттілік тілеп, тек қана жеңісті биік тұғырларда көрінсін дейміз. Осындай шаралар әрдайым өте берсін. Біздің халқымызды бұқаралық спортқа тартуға, салауатты өмір салтын жалғастыруға шақырамыз. Алға, Қазақстан!  

Азиаданы қолдаумен қатар бұқаралық спортты дамытуға арналған осы тектес игі спорттық шаралар өңірімізде әр ауданның орталығында өтті.

Гүлден Сәрсенбаева,  Жеңіс Ермұқанов