Әр түрлі

Бос орындар жәрмеңкесі

 

Бұл жолы жәрмеңкеге 15 кәсіпорынның өкілдері келіп, өздеріне қажетті мамандарды іздестірді. Жалпы ұсынылған бос орындар 500-ден асып жығылады. Троллейбус, автобус жүргізушілеріне сұраныс үлкен. Өткен жылдары осындай жәрмеңкелер арқылы кадр жинақтаған мекемелер биыл да өздеріндегі бос орындарды ұсынуда.

  Зейнеп Қазеев, Петропавл троллейбус паркінің кадрлар бөлімінің бастығы:

-Өткен жылы 15 әлеуметтік орынға жұмыссыздарды қабылдағанбыз. Кейін олардың барлығына бізден тұрақты жұмыс орны табылды. Биыл да жүргізушілер іздеп келіп отырмыз.

Әуелгіде жәрмеңкеге екі қолға бір күрек таппай жүрген 150-180 адам келеді деп жоспарланған еді. Бірақ жұмыс іздеушілер қатары межедегіден әлдеқайда көп болды. Негізінен дәнекерлеушілер мен токарьлар, жол жөндеушілер , күзетшілерге сұраныс үлкен. Бірден бірнеше жұмыс орнына қатысты мәлімет алғандар да, тіпті түк таба алмай кеткендер де болды.

 Тұрғындар:

Менің мамандығым экономист. Ондай орын жоқ. Мүмкін көктемде болып қалар.  
Мен СҚМУ сырттай оқып жатырмын. Мүмкін орын болып қалар деп келіп едім. Әзірге ештеңе жоқ екен.
 –Аспаздыққа оқығам. Қазір мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Кондитер, кафеге, ресторанға аспаз болу туралы ұсыныстар түсті. Біреуін таңдаймын.

Әрине, ұсыныс пен сұраныс әрдайым сәйкес келе бермейді. Жұмыс берушілер кем дегенде 3 жыл еңбек тәжірибесі бар  жас мамандарды іздейді. Қырықтың қырқасынан асқандар үшін жұмыс табу қиындай бастайды.

Абай Қайсин, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Жасы келіп қалған адамдар бар, қиын оларға. Біз соларға көмектесеміз. Мүгедектер бар. Оларға наурыз айынан кейін әлеуметтік жұмыс орындарын табамыз.

Бұл жолы 40-қа жуық адам жұмыс ұсынушы мекеме басшыларымен кездесетін болды. Бүгінде облыс орталығында 703 жұмыссыз тіркеуде тұр.

 Әсем Рахметова