Энергетика

Антимонополиялық ведомство жылды қорытындылады

 

 

 

 

2010 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық дейді департаменттегілер. Өткен жылға межеленген барлық міндеттер орындалыпты. Ең басты жетістік – былтыр электр энергиясынан басқа коммуналдық қызметтің ақысы көтерілген жоқ.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Біздің облыста Үкімет қойған тапсырмалар толыққанды орындалды.
Ең негізгісі – инфляция дәлізі дейміз – былтыр бізде суға, жылуға, газға баға көтерілген жоқ. Осы бағытта жұмыс істейміз.

Энергия үнемдеу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл ретте нормативтік шығындарды азайту бағытында айтарлықтай жұмыс тындырылған. Соның нәтижесінде монополистер 2010 жылы 137,6 млн. теңге үнемдеген. Электр энергиясы үшін енгізілген дифференциалды тарифке қатысты өткен жылдың басында көптеген сұрақтар туындаған болатын. Ал бүгінгі жиында көптің күдігін туғызған бұл әдістің тек нәтижесі ғана айтылды. Уақыт сараланған тарифтің тиімділігін көрсеткен. Сөйтіп, күндіз бір бөлек, түнде өзге тарифпен төлеу арқылы – 43,4 млн. теңге, ал тұтыну мөлшері бойынша – 57,4 млн. теңге үнемделген. Үстіміздегі жылы сараланған тарифті суға енгізу жоспарланып отыр. Енді өткен жылы қол жеткізген жетістіктерді биыл еселей түсу міндеті тұр дейді департаменттегілер.  Қазірде облыс орталығында жылу есептегіш құрылғыларын орнату жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы осы шараға басымдық берілмек.

Айымгүл Әбілева