Билік

Қала әкімі Бензострой, Сенная база, Жұмысшы кенті тұрғындарына есеп берді



 

Қала әкімінің әрбір есептік кездесуіне халық көп жиналады. Өйткені бұл өзекті мәселелерді көтеріп, атқарушы билікке өтініш-ұсыныстарды жеткізу үшін жақсы мүмкіндік. Өткен жылы тұрғындардан түскен 88 арыз-шағым мен өтініштің 84-і орындалыпты. Апаттық жағдайдағы ағаштар кесіліп, 10 үй ауласы мен балалар, спорт алаңқайлары абаттандырылған. Қалалықтардың өтініші бойынша Бензострой, Сенная база және Жұмысшы кенттерінде жол жөнделіпті. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты түйіткілдер әлі де күн тәртібінен түспей отыр. Әсіресе бұл мәселе Бензострой ауданы тұрғындары үшін аса өзекті. Жазбаша түрде түскен 21 өтініштің көпшілігі жол жөндеуге қатысты болды.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Гагарин және Юбилейная көшелеріне шығатын жолдарды  айналма жолмен қосу қажет. Биыл бұл мәселелердің бәрімен айналысамыз деп айттым ғой. Президент мектебін саламыз, Бензострой тұрғындарына  көмек көрсету керек.

Бензострой ауданы тұрғындарын су құбырын қалпына келтіру жұмыстарының қашан аяқталатыны қызықтырды. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов бұл бағыттағы шаруаның биыл жалғасатынын айтты. Кездесуде жылумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер де көтерілді. Жақында болған апат салдарынан Дель отбасының жылусыз қалған баспанасында қабырғалар мен терезе шынылары жарылған. Бұл мәселенің түйінін тарқатуға “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің директоры Андрей Калиничев уәде берді. Ол кәсіпорын кесірінен жапа шеккен қалалықтар үшін қайтадан есеп айырысу жасалады деп сендірді.  2010 жылы облыс орталығының барлық көшелеріне шамдар орнатылды. Бірақ тұрғындардың айтуынша, қала орталығында әлі де жарықтандыруға қатысты қиындықтар бар. Мәселен, №17 мектеп жаны жарықтандырылмапты.
Мұстафиндер отбасының қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүргендеріне бірнеше жыл болған. Баспана мәселесімен есептік кездесуге екінші жыл келіп отыр. Атқарушы билік көмектесуге уәде берді. Бұдан өзге жерлесіміз кездесуге тағы бір мәселені арқалай келген екен, ол вокзал маңындағы   «Шапағат» дүкенінің жабылып қалу себебін сұрады.  Бұл жердегі «Шапағат» жеке меншікті болатын, ал қалғандары жұмыс істеп жатыр деп жауап берді қала әкімі.  Көлік тұрағына айналған балалар алаңқайы, әлеуметтік такси шақыруға қатысты қиындықтар – кездесуде көтерілген тұрғындардың өзге де араз-шағымдары мен өтініштері жергілікті атқарушы биліктің бақылауында болмақ.

Айымгүл Әбілева