ТЖ

Өрт сөндірушілер рейді

 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мұндай рейдтік шараларды үнемі ұйымдастырып отырады. Құтқарушылар кейде дыбыс күшейткішпен көше бойын аралап, техникалық қауіпсіздік жайлы ақпарат берсе, кейде әр үйге жекелей кіріп шығады.

Иван Онищенко, Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:
-Тұрғын үй секторында жұмыстар атқарылып жатыр.
Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы хабарламалар таратылуда. ІІД мен бірлесіп жоспар құрдық. Оған сәйкес басқарма қызметкерлері мен учаскелік полицейлер тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйіне барып, өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіретін болады.

Петропавлда төтенше жағдайлар баспана иелерінің салғырттығынан жиі туындайды. Мәселен, бір күн бұрын Жұмысшы кентіндегі бір үйде өрт қауіпсіздігі сақталмағаны анықталды. Пеш дұрыс қаланбаған.

Иван Онищенко, Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:
-Пештің ішкі қабатынан, түтін шығатын жер мен отын жанатын аралық 38 сантиметрден кем болмауы керек. Өйткені ағашта 600-800 градуста өздігінен жанатын қасиет бар. Ал мұндай температура көп уақыт сақталса, ағаш бар ылғалдылығынан айырылып, өздігінен жану температурасы 120 градусқа дейін төмендейді.

Кейбір азаматтар өрт сөндірушілердің кеңесіне өздері жүгініп жатса, басқалары оларды қаперлеріне алмайды. Осылайша төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің ақылына құлақ аспай, қайғылы оқиғаларға тап болып жатады. Мәселен, мамандар айтқан олқылықтар жойылмаған бір үй араға бір ай салмай, өртке оранған. Жалпы жыл басынан бері қаламызда 25 өрт оқиғасы тіркеліп, 400 мың теңге көлемінде шығын әкелген.

Мирас Әменов, Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:
– Тұрғын үй секторында 19 өрт оқиғасы болды. Жалынның пайда болуының негізгі себебі – отты дұрыс пайдаланбаудан – 6, пештің дұрыс қаланбауынан  9 өрт оқиғасы болған. Тілсіз жаудың енді бір фактісі бала еркелігінен болса, 3-уіне қысқа тұйықталу себеп болған.

Құтқарушылардың жұмысында түрлі ақылға қонымсыз жайлар да кездеседі. Солардың біріне өткен жылғы оқиға мысал бола алады. Бір топ жастар ащы суға тойып алып, тоңазытқышқа картоп пісірмек болған. Сөйтіп, тамақты бүлінуден сақтайтын техниканың ішіне от жағыпты. Функциялық қызметі мүлдем басқа құрал бірден балқып, пәтер отқа оранған. Жастардың бағына қарай, өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, тілсіз жаудың табанына тас қойды.

Айдана Демесінова