Қоғам

Петропавлдық өнеркәсіпшілер Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындауға әзір

Елбасы алдымен тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңындағы жетістіктерді атап өтті.

Басты табыс әрине, елдің тыныштығы, халықтың әл-ауқатының жақсарғаны. Ішкі жалпы өнімнің өскенін, экономиканың табыстарын бүгінде бірнеше еселенген сандарды дәлел ете отыра баяндауға болады.

 

 

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.
Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз. Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады.  

1994 жылы адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан сәл асатын. Ал үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарындағы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 12 есеге өсіп, 9 мың АҚШ долларын құраған. Бұл 2015 жылы бағындырамыз деген меже еді. Қазақстан мұндай табыстарға уақытылы, нақты жасалған жоспарлар мен ұтымды бағдарламалардың арқасында жетті. 2010-2014 жылдарға арналған дамудың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы солардың бірі.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Оны жүзеге асырудың алғашқы жылының нақты нәтижелері бар. Біз 152 кәсіпорынды іске қостық,  24 мыңдай қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Ел бойынша барлығы 800-дей өндіріс орындары ашылды.  Біз химия және жеңіл өнеркәсіпті  белсенді түрде қалпына келтіріп, дамыту процесін бастадық, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатуда  нық қадам жасадық. 2014 жылға дейін  8,1 триллион теңгенің 294 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған.  161  мың тұрақты жұмыс орны және 207 мың  жұмыс орны– құрылыс кезеңіне  ашылады.

Бір жылда атқарылған ауқымды жұмыстың арқасында экономиканың нақты секторында алға басушылық басым. Елбасы жолдауында онжылдыққа қойылған міндеттерді де нақтылады. Ішкі жалпы өнімді 30 пайызға өсіру жоспары тұр. Өңдеу саласының деңгейін өндіру өнеркәсібіне жеткізу де алдағы күнге тапсырма. Шикізаттық емес секторға деген отандық және шетелдік инвестицияны кем дегенде 30 пайызға жеткізу ел экономикасына жаңа серпін бермек. Бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасап отырған Қазақстан үшін Кеден одағының да алғашқы табыстары жыл аяғында көрінген.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– 2010 жылдың тек 10 айының қорытындысы бойынша ғана Ресей және Белорусьпен сауда көлемі 38% өсті. Қазақстан өнімдерін Кеден одағы елдеріне экспорттау  52,4% ұлғайды.  Бұл ретте бюджетке түсетін баж салығының өсімі  25 % құрады.  Біз бірыңғай экономикалық  кеңістік құруға барынша жақындадық.

Ал бизнес пен бақылау органдарының арасындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселенің кезекті рет көтерілгенін көрген «Мұнаймаш» АҚ  басшысы бұл бағыттағы ахуалдың жақсаратынына сенімді.

  Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ бас директоры:

 – «Алтын сапа» наградасын тапсырғанда Елбасы «Бизнес пен бақылаушы органдар бір-бірінің жұмыстарына кедергі келтірмеуі керек, керісінше жағдай жасауы тиіс» дегенді айтқан. Бүгінгі сөзінде Президент осы бағытта қандай жұмыс жасалып жатқандығын жеткізді.

Зауыт ұжымы «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясымен 5 жылдық келісім-шарт жасасып, 10 миллиард теңгенің тапсырысын қабылдаған. Сергей Григоренко Елбасының «жаңашыл жұмыс істеу саясатын» қолдаушылардың бірі.

  Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ бас директоры:

-Алдағы екі-үш аптада «Лизинг-Қазақстан» даму банкінен 1,5 млрд теңгенің несиесін аламыз ба деп отырмыз. Жоспарымыз зауытқа 21 ғасырдың жаңа станоктарын қою. Сонда тауар өнімділігі де, сапасы да артады.

Зауыт ұжымы Елбасының әр жолдау сайын өнеркәсіп саласына басымдық беретінін біледі. Бұл жолы да тікелей эфирден Президенттің ұлан- ғайыр жоспарын тыңдаған Евгений Рыманов өндіріске жасалған қолдаудың арқасында тапсырыстар да уақытылы орындалып, зауыт жұмысшыларының жағдайы бақуатты болатындығына сенімді.

  Евгений Рыманов, «Мұнаймаш» АҚ шебері:

-Әр жыл сайын Елбасының жолдауын тыңдап, қойылған нақты тапсырмаларға құлақ түреміз. Сол тапсырмалардың орындалып, әлеуметтік төлемдердің, жалақының өсуін көріп отырмыз. Еліміз дамып келеді. Өндіріс артты. Осы жолдаудан кейін де оң өзгерістер мол болатындығына сенімдімін.

Бүгінде зауыт ұжымының орташа жалақысы 105 мың теңге. Кәсіпорын үстіміздегі жылы ғана 3 миллиард теңгенің мұнай өндірісіне қажетті бұрғылау қондырғыларын шығармақшы.

Әсем Рахметова