Құқық қорғау органдары

Облыстық прокуратура өткен жылды қорытындылады

Облыс прокурорлары 2010 жылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында бірқатар тексерістер жүргізіпті. Осы жұмыс барысында 33 мыңнан артық заңбұзушылық анықталып, 3 мыңға жуық азамат әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылды. Құзырлы орган қызметкерлерінің араласуымен 773,9 млн. теңгені құраған шығынның орны толтырылды. Ол соманың 259 млн теңгеден артығы мемлекеттік қазынаға түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды қолдану саласында 245 тексеріс жүргізіліп, 3721 заң бұзушылық анықталды. 124 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қадағалаушы органның араласуымен жарты млрд теңгеге жуық еңбекақы қарызы қайтарылды. 10 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары қорғалды.

Қонысбек Ыбраев, Петропавл қаласының прокуроры:
Мектептің қажетіне ата-аналардан қаражат жиналған фактілер көптеп кездесті. Осылайша 1,3 млн. теңге оқушының әке-шешесінен заңсыз алынған. Бұл істерге қатысты 12 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлар былтыр өңірімізде жасалған жалпы қылмыстардың саны 1,5 пайызға өскенін айтады. Бөтен мүлікке қол сұғып ұрлау фактілері де 18 пайызға дейін артқан екен.

Серікбай Ерімбетов, СҚО прокурорының орынбасары:
– Жоспардағы қорғайтын заңдардың тиімді орындалуын қадағалау, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, прокурорлық қадағалауды жүргізу тиімділігі арқылы өлкеде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларға оңды әсер ету, экологиялық заңды қадағалау жөнінде биылғы жылы басты назарда ұстайтын боламыз.

Жеңіс Ермұқанов