Қоғам

Елбасының өкілеттігін ұзартуды қолдау митингі

 

Күн сәскеге таяғанда облыс орталығындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» композициясы орнатылған алаңға  ағылғандар қатары артты. Елбасының өкілеттігін ұзарту туралы референдумды қолдап, 10 мың адам жиналды. Ал облыстың 230 мыңнан аса тұрғыны Президент Назарбаевтың еш сайлаусыз қызметін жалғастыруын қолдаған. Орталық алаңға жастар ұрандатып, үлкендер жылы лебіз, ақ баталарымен жеткен. Тәуелсіздігінің көк туын желбіреткен жас мемлекетттің басты мұраты татулық, отанның тыныштығы, халқының бірлігі. Бірлігі жарасқан елдің  тірлігі де түрленбек. Халық алдына шыққандардың  сөзі бір жерде.

Назымбек Оразымбетов , облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

– СҚО кәсіподақтары алғашқылардың бірі болып референдумды қолдады. Бүгін де біз, солтүстікқазақстандықтар, акцияны қолдаймыз. Біз Елбасымен біргеміз. Алға,Қазақстан!

Ата-баба армандаған тәуелсіздіктің тізгінін алған Елбасы тоқыраған елдің тірлігін жақсартпаққа тер төкті. Шеттегі елмен достық орнатып, ішкі саясатты түзеді. Өнеркәсібін дамытып, өнімін молайтты. Болашағына сеніммен қараған бозбалалар ел ертеңіне үлес қосуға әзір.

Мирас Бектасов, “Жас Отан” ЖҚ мүшесі:

-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында біз білім алып, қызметке орналасу үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Жастардың мақсаты тыныштықты, тұрақтылықты сақтау, одан әрі нығайту. Біз, жастар, Нұрсұлтан Әбіщұлы Назарбаевты қолдаймыз, сүйеміз, мақтан етеміз.

Тәуелсіздік таңының татулықта атқанын, төл тілінің тұғырына көтерілуін көрген ақсақалдар, тал бесікті тату Қазақстанда тербеткен аналар бұл күннің маңызын майын тамыза әңгімелейді.

Тұрғындар:

-Дүние жүзіне танылған Қазақстан көш бастап келе жатыр. Саммиттің жиналысын өткіздік, Олимпиаданың оты Алматыда жанды. Осының барлығын өзге халықтар көреді. Соғыссыз келе жатырмыз.
-Елбасымыз аман болсын.  

Президентті тұрақтылықтың кепіліне балап, кемел елдің көшін түзеген кемеңгерді қолдап қол қоюшылар қаншалықты көп болса, орталық алаңда транспорант ұстаған халықтың да қарасы қалың. Барлығын ел тізгінін  ұстаған Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдумды өткізу қажет деген ортақ ой біріктірген.

Қатысушылар:

Стипендия өсіп жатыр. Назарбаев университеті ашылды. Жасасын, Қазақстан! Жасасын, Нұрсұлтан!
Бізге оқу бітіргесін ауылға барып жұмыс істеуге жағдай бар.

 

Осылайша, қазақстандықтарға үн қосқан облыс жұртшылығы, ел ертеңі үшін өзекті шараға атсалысып, Елбасының өкілеттігі жақын арада жалпыхалықтық референдумда ұзартылады деген сеніммен тарасты.

Әсем Рахметова