Қоғам

Елбасы кезекті Жолдауын жария етті

 

 

 

 

 

Президент Жолдауын ел халқы жыл сайын тағатсыздана күтеді. Әлбетте, ол – еліміздің болашағын, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Әдеттегідей мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да алда тұрған маңызды міндеттер мен басымдықтарды белгіледі.  Биыл ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына аяқ басып отырмыз. Осы жылдар ішінде толағай табыстарға жеттік. Енді осы жетістіктерді еселеу міндеті тұр алдымызда. Елбасы алдағы он жылға межеленген стратегиялық жоспардың мақсат-міндетіне тоқталды. 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің өсімі кемінде отыз пайызды құрауы тиіс. Шикізаттық емес секторға құйылатын отандық және шетелдік инвестиция көлемі де осыншаға артпақ. Кіші және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы 40 пайызды құраса, жұмыссыздық деңгейі бес пайызға дейін төмендемек.
Ауыл шаруашылығы саласының да болашағы кемел. Бұл ретте мал шаруашылығын дамытуда үлкен міндеттер қойылып отыр. Ет экспортын жолға қою бағытында ауқымды бағдарлама қолға алынбақ.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
2016  жылы экспортқа 60 мың тонна ет шығарылады, бұл 4 млн тонна астықты экспорттағанмен тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд теңге несие қаржы бөледі. Бұл ауыл-селода 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, 100 мыңнан астам ауылдықтардың табыс көзіне айналады. 

 

Елбасы мықты мемлекет құрудың басты шарты – тұрақты бизнес екендігін айтады. Елді индустрияландырудың маңызы зор. Өткен жылы бастау алған инновациялық даму бағдарламасы жалғасын таппақ. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету қажет-ақ. Жаңа әлеуметтік саясат – биылғы Жолдаудың ең маңызды тармағы десе болады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту – бұл бағыттағы іс-қимыл жоспарының көздегені осы. Мемлекет басшысы алты басымдықты айқындап берді – білім беру, денсаулық сақтау, тіл саясаты, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын дамыту және таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Барлық бағыттар бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылып отыр. Мәселен, денсаулық сақтау саласында транспорттық медицинаны дамытуға айырықша мән берілмек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылады. Еліміздің қазіргі даму деңгейі бұған мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіздігіміздің зор жемісі – бүгінде мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаспақ. Сөйтіп, 2020 жылға қарай қазақ тілін меңгерген отандастарымыз 95 пайызды құрайды деп күтілуде. Халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы әзірленеді. Елді кешенді индустрияландыруға әрбір қазақстандықтың қатысуына мүмкіндік жасау қажет деді Елбасы. Бұл бағыттағы жұмыс жалпыхалықтық іске айналуы тиіс. Қаңтар айынан зейнетақы көлемі өссе, шілде айынан стипендия мен бюджеттік сала қыметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Үстіміздегі жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл. Бұл халқымыз үшін айтулы оқиға. “Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы” ұранымен республика бойынша ауқымды шаралар жоспарланған. Маңызы айырықша мерейтойды жоғары деңгейде өткізу қажет. Бұған әрбір отандасымыз  атсалысуы керек. Ел халқы осы Жолдаудан мемлекет басшысының бүкілхалықтық референдумға қатысты пікірін күткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтерген халқына шексіз ризашылығын білдірді. Мен үшін қашан да мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес деді Елбасы.

  Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес.Маған сынақтың көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік -тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз. Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін!

Елбасының биылғы Жолдауын да солтүстікқазақстандықтар үлкен ықыласпен қабыл алды. Олар Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға әзір.

Айымгүл Әбілева