Балалар

Білім беру саласын айтарлықтай өзгерістер күтіп тұр

 

 

 

 

 Елбасы биылғы жолдауында білім берудің сапасын арттыруға баса тоқталды. Ол жоғары білім ордаларын жаңартып жетілдіру керектігін айтты. Қазір республикада 149 университет бар екен. Ал әлемнің дамыған елдерінде 1 млн. адамға шаққанда 1-6 дейін мұндай оқу орындары қарастырылыпты. Отандық маман даярлайтын мекемелердің саны басым болғанымен түлектерінің білім сапасы әлдеқайда төмен.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
200 ғылыми кеңес ғылым кандидаттары мен докторларын қаптатып жатыр. Осы жерде отырғандар арасында да ондайлар аз емес. Ал 60 ғылым кандидатының 1-уі, 37 ғылым докторының 1-уі ғана  ғылым саласында қызмет етеді.  Бұл кімге керек? Осы жылдан бастап бұл ғылыми кеңестердің жұмысы тоқтатылады.

Президент ел болашағы болатын білімді де жігерлі ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін айтты. Ол үшін әлемнің озық үлгідегі технологиялары мен тәжірибесін пайдаланып, халықаралық талаптарға сай қазақстандық университеттер құру қажеттігі туып отыр деді. Президенттің бастауымен еліміздің әр өңірлерінде салынып жатқан интеллектуалдық мектептер жоғары оқу орындарына дарынды балаларды даярлайтын кешенге айналуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Үкіметке жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке  көшу механизмін жасауды тапсырамын.  Білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруді қолдаудың жаңа қаржы-экономикалық құралдарын енгізу қажет. Техникалық және жоғары білім деңгейлері үшін  қазір Тұрғын үй-құрылыс банкі ипотекалық құрылыс саласында жүзеге асырып жатқан жинақтау жүйесіне ұқсас жүйе құру керек.

Ұлт көшбасшысы бизнес қауымдастықтары мен жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын Ұлттық кеңес құрудың да маңыздылығын баса айтты. Жолдауда балабақша жетіспеушілігін шешуге де басымдық берілген. “Балапан” бағдарламасының аясында елімізде 35 балабақшаның іргесі қаланды. 1530 шағын орталық ашылды. 137 жекеменшік бөбекжай салынды. Бұрын балабақша ретінде тұрғызылып, басқа мақсаттарға пайдаланылып жүрген 172 нысан қайтарылды. Бұл балдырғандардың балабақшамен қамтылуын 30 дан 55 пайызға дейін көтеріп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
 -Мектепке дейінгі оқу-тәрбиемен қамтылған балалар  үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызға,  2020 жылы  – 100 пайызға жетеді. 2020 жылға дейін білім берудің 12-жылдық жүйесіне толық көшу жүзеге асырылады.  Ол үшін 2015  жылға дейін  республикалық бюджет есебінен  кем дегенде 200 мектеп, тағы соншасы  – жергілікті бюджетттер есебінен салынады.  2015  жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электрондық оқулықтарды пайдаланатын болады, ал 2020 жылға дейін  олардың саны 90 пайызға дейін өседі. 2020 жылға халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациядан өткен жоғары оқу орындарының үлесі   30 пайыз болады.

Кемінде 2 қазақстандық университет әлемнің үздік деген жоғарғы білім ордаларының қатарына енуі тиіс. Білім саласына соны леп беретін жолдаудағы жоспарлар мұғалімдер қауымы мен студенттерді қуантып тастады.

Әсемгүл Жазбаева, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Білім беру саласына болашақта бөлінетін қаражат 10 есеге кобейеді екен. Ол өте қуантарлық жайт. Студенттерге де жан-жақты көмек көрсетіледі, шәкіртақы көбейеді. Мен өзім Президенттің шәкіртақысы иегері ретінде Президентімізге үлкен рақмет. Болашақтың тірегі, үміті ретінде жастарға қолдау көрсеткені өте қуанышты жәйт деп айтқым келеді.
Мейрамбек Мәуленов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Сапалы білім алуымызға барлық жағдайлар жасалуда. Ол бізді, мені өте қуантады. Елбасы жолдауында білім саласын әрі қарай жетілдіруде арнайы тапсырмалар, түрлі реформалар орындалып жатыр деп айтылған. Ол біздің еліміздің болашақтағы білімін одан әрі жетілдіруіне өз септігін тигізеді деп ойлаймын.
 
Жеңіс Ермұқанов