Спорт

Ауыл мектебіне шаңғылар тарту етілді

 

 Қайырлы Едіресовтың  еңбек жолы нақ осы мектепте басталыпты. Бір кездегі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі футбол, волейбол, хоккей сияқты спорттың бірнеше түрінен мектепішілік жарыстар өткізіп, осы маңда шаңғы алаңы мен мұз айдынының төселуіне мұрындық болыпты. Қазіргі облыстық мәслихат хатшысының спортқа деген қызығушылығы әлі қайтқан жоқ. Қайырлы Едіресов «Қызылжар» денсаулық тобындағы волейболшылардың бірі. Өмірдің осындай ұстанымын ол кейінгі буынға да насихат етіп, ұжымға 15 жұп шаңғы тарту етті.

  Қайырлы Едіресов,  облыстық мәслихат хатшысы:
– Бұл мен ғана емес, бастап жатқан басқа да азаматтар бар, депутаттар бар. Мен осында келем дегенді Абай Тасболатов естіп, пойызбен 5 пар ол да беріп жіберді. Біз мектепке осылай көмектесуіміз керек.

Күтпеген сыйлық бұл білім ошағының үлкен бір қажеттілігін өтеді. Бұған дейін қолда бар 20 жұп шаңғы 200-ге жуық оқушысы бар мектепке аздық еткені айдан анық. Енді жаңалары қысқы спорт түрлері бойынша мектеп құрамасын дайындауға қолданылмақ.

 Бауыржан Түленов,  Николаев орта мектебінің директоры:
– Мынау әкелген шаңғымыз үлкен көмек көрсетеді. Бүгінде қысқы спорт дамып келеді. Мектеп алдында кортымыз бар, балалар хоккеймен, шот-трекпен айналысады. Енді шаңғы спорты да дамып келеді.

Мұндағы оқушылар да 7 қысқы Азия ойындарын күтіп жүр. Алаудың Петропавлдағы шеруін де теледидардан бақылапты. Алаугерлердің бірі Қайырлы Едіресов  болатын.  

  Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихат хатшысы:
– Біз 60 адам болып алауды алып өттік. Бұл Қазақстан үшін мәртебе деп ойлаймыз, жастарға өнеге. Мұның бәрі жай келіп жатқан жоқ. Бұл адамның еңбегімен, ұйымшылдығымен келді. Елбасы Қазақстанымызды жер жүзіне танытып жатыр.

Азиаданың жоспарына енгізілген биатлон, трамплиннен секіру, қысқы бағдарлау сияқты спорт түрлерінің көбі шаңғымен байланысты. Соңғысы бойынша облысымыздың намысын Аслан Тоқбаев қорғайды. Азияда қарсаңында сыйға тартылған шаңғылар оқушылардың шаңғы спортына деген шеберлігін ұштауға септеспек.

 Лаура Тәліпова,  Николаев орта мектебінің оқушысы:
– Біздің Президентіміз спортшыларға сенеді. Сондықтан біз осы үштікке міндетті түрде кіруіміз керек. Сәттілік тілеймін және болашақта біздің ауылдан Азиядаға қатысуларына тілектеспін.

Ал жексенбі күні Қайырлы Едіресов Астана стадионында жанкүйерлердің қатарынан табылмақ.  

Кәусар Аяпбергенқызы