Әр түрлі

Петропавлдықтар 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлерін еске алды

1941 жылдың аяғында Петропавл қаласында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы Солтүстік-батыс майданда ерен ерлік көрсетті. Жауынгерлер кеңес елінің талай қалаларын жаудан азат етуге қатысты.  Фашистердің қоршауында қалған Ленинград блокадасын  бұзуда дивизия асқан ерлік көрсетті. Бүгінгі шараға қатысушылар қаза тапқан батыр ұлдарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті. Вера Яковлева қала жау қолында қалғанда ата-анасынан айырылып, ашаршылық пен жоқшылықты көрген. Қала жаудан азат етілгесін Қазақстанға келіп жан сақтаған.

Вера Яковлева, блокадашы:
-Анам үйге келгенде әжеміздің көз жұмғанын айттық, себебі  үйде тамақ жоқ еді. Күніне бір үзім нан ғана тиетін. Үй суық болатын. От жағатын дәнеңе де қалмады. Оның үстіне су алу
үшін өзен жағасына барамыз. Жау болса жан-жақтан оқ жаудырып жатады. Бұның бәрі есімде айқын сақталған.

Ленинград қаласының фашистер құрсауында 900 күн болғаны мәлім. Қаланы азат ету үшін кескілескен шайқастарда мыңдаған жауынгерлер қаза тапты.    Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері «Біз адамзат баласына қасірет пен қайғы әкелген сол күндерді ешқашан ұмытпаймыз” , – дейді.

Жасұлан Құдабаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, тыл еңбеккері:
– 314-ші  дивизия СҚО нақты дивизиясы. Ол “Кутузов” орденін алған. Ол кім көрінгенге беріле бермейді. Бұл дивизия талай қаланы жаудан босатты.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер арасында 314-шы атқыштар дивизиясымен қанды шайқасқа Петропавл тұрғыны Әбілмәжін Бәшіров та аттанған болатын. Минометшілерге басшылық етіп, талай қанды қырғындарды бастан өткерген майдангер бүгінгі күні 94 жаста. Соғыстан кейін 35 жыл теміржолда бригадир қызметін атқарып, зейнетке шыққан ақсақал бүгінгі күні бейбіт өмірдің қызығын көруде. Қария осы күні 7 бала, 12 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.

Әбілмәжін Бәшіров, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Соғыс басталғаннан  8 минометшіні бастап шықтым.
2 жыл Ленинградта болдық. Күзетте тұрдық. 1946 жылы оралдым. Пенсия алып, үй салып, бала-шағалы жүріп жатырмын.

314-ші дивизияның  көзі тірі жалғыз жауынгеріне  қала әкімінің орынбасары сыйлық табыс етті.

Гүлден Сәрсенбаева