ТКШ

Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр

 

 

 

 

 

Өткен аптаның соңында болған төтенше жағдайдан бірден 8 отбасы жапа шеккен. Белгісіз себеппен шыққан өрт 2 қабаттағы 8 пәтерді түгел жалмап, онсыз да тозығы жеткен үйдің шаңырағы ортасына түсті. Қала басшысы жапа шеккен 8 отбасы өкілдерін әкімдікке жинап, қайта баспаналы болу тәртібін түсіндірді.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Осы азаматтарды тіркеп, пәтер бөлу жөнінде тізімге қойғызамыз.
Ол жөнінде әр азаматтан арыз түседі, тұрғын үй инспекциясы бар. Ол әр азаматта үй болды ма, соны тексереді, Сосын жаңа үй берген кезде тұрғын үй комиссиясы шешеді, бұндай азаматтарға қанша беру керектігін.
 
Баспаналары апатты деп табылған және төтенше жағдайлардан жапа шеккен тұрғындарға үй беру мәселесі 2010 жылдан ғана қаралып жүр. Енді мына тұрғындар да  жаңа пәтерге қол жеткізе алады. Бірақ  қала басшысы үй-күйсіз қалған отбасылардың қашан баспаналы болатынын дөп басып айта алмай отыр. Үстіміздегі жылы облыс орталығында 3 коммуналдық үй қолданысқа берілмек. Дегенмен, 350 пәтерді арнайы тізімде тұрған Ұлы Отан соғысының ардагерлері де, бюджеттік сала қызметкерлері де, өзге тұрмыс қауқары төмен отбасылары да әлдеқашаннан күтіп жүр. Сондықтан  бүгін Нұржан Әшімбетов  баспанасыз қалғандарға жер учаскелерін ұсынуда.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Жер телімдері бөлінеді. Егер арыз түсетін болса, оны біз қауіпті жағдай болғаннан кейін бірінші кезекте береміз.
 
Алайда  тауы шағылған тұрғындар құрылыс жүргізетін қауқарлары жоқтығын айтады. Бүгінде өртенген үйден аман шыққан жерлестеріміз қалалық әкімдікке ғана қарап қалған. Қала басшылығының шешімімен 2 отбасы “Солнечный” емдеу-сауықтыру орнында уақытша тұрақтаса, тағы 2 отбасының өкілдері “Көшпенді” қонақүйіне орналастырылыпты. Жатақхана мен туыстарын жағалағандар да бар. Қазіргі уақытта барлығына алғашқы көмек ретінде 20 мың теңгеден берілген.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Әр азаматқа компенсация төленеді. Қазір мәслихат қарап жатыр. 100 мың теңге компенсация төленеді. Путевка береміз. Денсаулықтарын түзетуге.

Қазіргі уақытта баспанада өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жан басына 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақы  осы себептер белгілі болған соң төленбек. Жапа шегушілер  үйге қасақана өрт қойылғанын айтып шуласуда. Бұған дейін белгісіз біреулер баспананы жағып жіберуге әрекеттенсе, тұрғындарға қоқан-лоқы көрсеткендер де жоқ емес. Қалай болғанда  да  көп ұзамай  жермен-жексен болған үйдің орнында көпқабатты баспана бой көтеруі мүмкін. Қаланың бас жоспары осындай. Ал  әкімдік өкілдері  төтенше жағдай  пәтерлерін жаңартқысы келгендердің ісі ме деп күдіктенуде. Ал тұрғындар өз мәселелерінің көп ұзамай шешілетініне үміттеніп отыр.  Жанна Рыкова қайғылы түні өрт құшағынан аман қалғандардың бірі. Бүгінде  үлкен отбасы дәл осындай 2 қабатты үйдегі туыстарының тар пәтерін уақытша паналауға мәжбүр.

Гүлмира Шоқтыбаева