Билік

«Нұр Отандағы» қабылдау

 

 

 

 

Қабылдау барысында ортақ мәмілеге келе алмаған тараптардың тартыстары, қаладағы кей кәсіпорындардың шешілмеген мәселелері талқыланды.  «Қызылжар-Ақбастау» коммуналдық базарының басшылығы мен көкөніс жеткізушілер арасындағы картоп мәселесіне қатысты кикілжің 2009 жылдың соңында басталған. Екі тарап ортақ келісімге әлі келер емес. «Алти-Гарант» ЖШС директоры Ақан Барлұбаевтың алға тартқан мәліметтері бойынша «Қызылжар-Ақбастау» базары 125 тонна картоп үшін 5 млн теңге қарыздар екен. «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы Серік Біләлов екі жақтың да пікірін тыңдап, аталған іс бойынша бар құжаттармен танысып шықты. Одан кейін нақты тапсырмалар берді.

  Серік Біләлов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы:
– Айдарбек Сапаровқа, қала әкімі Нұржан Әшімбетовке шұғыл шешім қабылдауды тапсырамын. Осы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін базарда тексеріс жүргіземіз.

Кездесуде «Петропавл тігін фабрикасының» мәселесі де көтерілді. Кәсіпорында бүгінде 75 адам жұмыс істейді, басым бөлігі  әйелдер. Оларға 7,5 млн теңге шамасында жалақы төленбей отырған көрінеді. Уақытында өтелмеген салық берешегі 124 млн теңгеге жеткен. Қазірде кәсіпорынның барлық есеп-шоттары  тұтқындалған. Соның кесірінен кәсіпорын жөнді іс тындырып жатқан жоқ. Аймақ басшысы салықты өтеу қажеттігін айтты, сонда ғана кәсіпорынның шоттары босатылмақ. Кездесуге барлығы 7 адам жазылыпты. Олардың бірі  – Бәйтерек ауылының тұрғыны Жанболат Кәбенов. 2010 жылдың қазанында атамекенге оралған азамат әлі күнге дейін оралмандарға арналған квотаны ала алмай жүр екен. Бұл сұрақтың мән-жайын тарқата келгенде квота рәсімдеумен  қазір ІІД  айналысатыны анықталды. Ал белгіленген төлемдерді  кім төлеуі тиіс екендігін анықтау үшін әлеуметтік қорғау және ішкі істер министрліктеріне хат жолдау туралы шешім қабылданды.

Кәусар Аяпбергенқызы