Бизнес және экономика

Баға туралы меморандум



 

Соңғы он күнде өткізілген жиналыстар мен кездесулерден кейін басшылық базардағылар баға  негізсіз көтерілді деген шешімге келді. Оны, әрине, тиісті органдар тексеріп-ақ жатыр. Азық-түліктің құнын өсіріп жібергендер қала әкімімен кездесуге келді. Нұржан Әшімбетов базар бағасы қатаң бақылауда болатындығын кезекті рет ескертті. Тіпті  көтерме мен бөлшек саудадағы аралықты қадағалаудың тәртібін де түсіндіріп өтті.

  Нұржан Әшімбетов,Петропавл қаласының әкімі:

Мәселен, “Южный” базары бар. Осы базар басшылығы бізге күнде таңертең тауарларының көтерме бағасын хабарлап отырады. Қызанақ 400 теңге екен, өзге базарға түскенше 600 теңгеге жетіпті. Арадағы айырмашылықты көреміз.

Ең алдымен, көтерме мен бөлшек сауда арасындағы айырмашылықты азайту керек. Әуелгіде негізгі азық- түлікке 10 пайыздық үстеме қосу ұйғарылып еді. Бірақ  базар өкілдері орынды жалға алып жатқан кәсіпкерлер шығындарын өтей алмайды деген уәж айтты. Сонымен, екі жақ сүт пен сүт өнімдеріне, нанға – 10, ал ет пен картоп, көкөніске – 15 пайыздық үстеме белгіленгені дұрыс деп тапты. Үкімет бекіткен негізгі 18 тауардан өзге азық-түлікке 20 пайыздық үстеме сақталуы керек. Әрине, ұсақ дүкендердегі бағаны бақылау мүмкін емес, бірақ қала басшысының есебі бойынша олар бәсекеге ілесе алмай қалатын көрінеді.

  Нұржан Әшімбетов,Петропавл қаласының әкімі:

-Дүкендерді бақылай алмаймыз, олардың саны 2000-нан асады. Сондықтан базардағы арзан бағаны халықтың құлағына жеткізуіміз керек. Сонда жұрт сіздерге асығатын болады.

Қала әкімінің сөзін құптаған базар басшылары меморандумда көрсетілген айырманы сақтауға келісті

  Роза Шәкірова,  “Дария” базарының директоры:

Бүгінгі кездесу маған ұнады. Басшылар бар жұмысты бізбен келісе отырып шешіп жатыр. 15 пайыздық үстеме көңілімізден шығады. Ең бастысы тауар болсын.

  Геннадий Разумов, “Привокзальный” базарының директоры:

Кездесуге көңілім толды. 15 пайыздық үстеме саудагердің шығынын өтеп, аздап пайда табуға да мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Қала басшылығы бұндай кездесуді облыс орталығындағы сауда үйлерінің өкілдерімен де өткізді. Бағаны алқымнан алғанда ғана нарыққа парық болатынын сезген атқарушы билік ендігі кезекте жолаушы тасымалдаушылармен де дөңгелек үстел басында жиналмақшы.

Әсем Рахметова