Билік

Қала әкімінің кезекті есептік кездесуі

 

 

 

 

 

Елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында жылда есеп беруі жақсы дәстүрге айналды. Бұндай кездесулер – тұрғындарға өзекті мәселелерді көтеріп, атқарушы билікке өтініш-ұсыныстарын жеткізу үшін берілген үлкен мүмкіндік. Мәселен, өткен жылы осы залда айтылған 77 арыз-шағым мен өтініштің 73-і орындалыпты. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралағаннан кейін жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды. Түскен өтініштердің көпшілігі жол жөндеуге қатысты болды.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Жұмабаев көшесіндегі учаскенің құрылысына үстіміздегі жылы жоба-сметалық құжат әзірленеді.
Сонымен қатар Володарский көшесін жөндеу 2011 жылғы жоспарға енізілген. Бұл жұмыстар маусым айында жүргізіледі. Айналма жолға дейін Мүсірепов көшесін қалпына келтіру де қарастырылады. Сіздердің өтініштеріңіз бойынша, Жамбыл және Мир көшелеріндегі аяқжол да жөнделмек.

Тұрғын үй маңындағы көлік тұрағы – тұрғындар көтерген тағы бір мәселе. Тіпті кей кезде олар коммуникация желілері  тартылған учаскеде салынады. Нұржан Әшімбетов жеке меншікке берілген мұндай учаскелерді  тексереміз деді. Кездесуде пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына шағымданушылар көп болды. Жөндеу жұмыстары жүргізілмейді дейді олар. Тұрғындар жергілікті биліктен үй аулаларын абаттандыру үшін көмек сұрады.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Бұл бағытта өткен жылы жүйелі жұмыс бастадық.
Біз үй аулаларын абаттандыруға көмектесе аламыз. Барлығын қамтуға мүмкіндік жоқ. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін пәтер иелері кооперативтеріне қол ұшын береміз. Яғни, бұл мақсатқа үй тұрғындары қанша қаржы жинаса, сонша сома бюджеттен бөлінеді.

Мемлекеттен сондай-ақ баспаналарға күрделі жөндеу жүргізуге де жәрдем жасалмақ.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржысы жоқ тұрғындарға мемлекеттен тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
Бұндай жәрдем жұмыспен қамту бөлімі арқылы жасалады. Аталмыш бағдарлама елімізде өткен жылы әзірленді. Әзірге  жүзеге асырылған жоқ. Биыл тиісті заңнамаға бұл төлемді алу жағын жеңілдететін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Азық-түлік құнын тұрақтандыру бағытында қандай шаралар қолға алынады? Оқу ақысы төмендей ме? “Тайга” базары ауданында пошта бөлімшесін ашу мүмкін бе? Чайковский мен Тоқсан би көшелерінің қиылысында бағдаршам орнатылса, С.Мұқанов атындағы театр ауданында дәріхана ашылса – қала әкімінің халық алдындағы екінші есептік кездесуінде көтерілген мәселелер мен өтініштер сан алуан. Бұл өтініш-ұсыныстардың барлығы жергілікті атқарушы биліктің бақылауында болмақ.

Айымгүл Әбілева