Билік

Баға бой бермей барады

 

 

 

 Аз күннің ішінде күрт  қымбаттаған азық-түлік  әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ғана емес, тұрақты орташа жалақы алатын азаматтардың да қалтасын қағады. Баға негізсіз көтерілуде.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Көтерме сауда базарларынан жеміс- жидек, көкөністер бөлшектеп өткізілетін сөрелерге жеткізілгенше бағасы 60-70 пайызға шарықтап кетеді. Мемлекеттік бақылау органдары тарапынан қадағалау мүлдем жүргізілмейді. Сондықтан алыпсатарлар осы сәтте пайда көріп қалу үшін ойына келген бағаны көктен алып қоя береді.

Сарымсақ -17, сәбіз- 21, картоп- 37, қырыққабат -41 қызылшаның құны 43 пайызға дейін көтерілгендігі байқалады. Сүт өнімдерінің бағасы тұрақты. Алайда мүлдем тапшы болып тұр. Іздеп жүріп таба алмайсың.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Қазіргі таңда сүт жеткіліксіз. Әсіресе пастерленгеніне сұраныс өте жоғары. Оны коммуналдық базарға жеткізуге бірқатар қиындықтар туындап отыр. Сондықтан халық әзірше ұзынсонар кезекте тұруға мәжбүр. Соның өзінде қасқағым сәтте таусылып, қолы жетпей кететіндер де баршылық.  

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Коммуналдық базардың өзіне сүт қажетті мөлшерде жеткізілмейді.
Өзге қала базарларының жағдайы қандай болмақ. Тым болмағанда сенбі сайын 1-1,5 тонна әкелуге әбден болатын еді. Сауын сиырлары қанша? Облысымызда сүт өндірумен айналысатын қожалықтарды саусақпен санауға болады. Соның бәрін жинап, мәселені алға тартып, бір жөнге келтіруге болмай ма?

Мәселе сүтте ғана емес. Жұмыртқаның бағасы да қалалықтарды алаңдатуда. Құны неліктен көтерілгендігі түсініксіз. Бұл орайда ешқандай тапшылық жоқ. Өңір жетекшісі мәселе саудагерлерге байланысты туындап отырғанын айтады.

 

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Неліктен жұмыртқа 180 теңге? Кей жерлерде 200 теңгегежеикен.. Өзіндік құны –  80, әрі кетсе 90 теңге болсын. Үкімет дотация төлейді Барлық жағдайды жасап отыр. .

Жиында «Южный» көтерме базарының бүгінгі жағдайы жайында да сөз қозғалды.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құжат бойынша бағалары төмен.
Сауда орталығындағы сатушылар тауарының құнын негізсіз көтереді. Өнімінің сапасын растайтын сертификаттары бірінде де жоқ. Бұл айтылғанды осы күйінде қалтырмай тез арада шешімін іздеу керек.  

Петропавл базарларында сиыр еті жеткіліксіз болып тұрғанда өнім өзге облыстарға жөнелтіледі екен. Мал өнімін өңірден сыртқа шығару үшін ешқандай құжаттың да керегі жоқ көрінеді.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Не істеп жатқандарыңды өздерің білесіңдер ме? Бір ветеринар дәрігер бүкіл қаланы осындай келеңсіздікке душар қылып тұр. Жұмыртқа мен етті өзіміздің аузымыздан жұлып алып, өзге облыстарға көптеп жібергендіктен жасанды тапшылық туындады емес пе. Мәселе осыда.  

Бір қуантарлығы бүгінде ас атасы нанның бағасы  тұрақты. Петропавл нан-тоқаш комбинатымен 2011 ші жылдың қазан айына дейін бағаны көтермеу туралы меморандум жасалған. Келісімге сай бір бөлке нан 41 теңгеден өткізіледі.   Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бағаның шарықтауына жол бермес үшін бірқатар тапсырмаларды айқындады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаровтың басшылығымен комиссия құрылсын. Бұл топтың құрамында қала әкімінің орынбасары, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасының өкілдері болсын. Күнделікті мониторинг жүргізіп, аптасына бір рет менің қатысуыммен жиналыс өткізесіздер.
Негізгі азықтүлікке меморандумдар жасалсын. Сүт, жұмыртқа, картоп, көкөністерді өткізуді ауыл шаруашылығы басқармасы қатаң бақылауға алсын.  

Сондай-аќ, өңір басшысы алдағы аптаның ішінде қаламыздағы барлық базарлардың санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеруді тапсырды.

 
Жеңіс Ермұқанов