Қоғам

Елбасының өкілеттігін ұзартуды әскерилер қолдайды

 

 

 

 Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болды. Референдум – жалпыұлттық мақсатқа жету жолы. Көпшіліктің пікірі осы. Бұл саяси маңызды қадамды әскерилер де құп көреді. Әскери институттың оқытушылары мен курсанттары тегістей бұл шешімдерін қолдарын қойып бекіткен.

  Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының бастығы:
Біз – офицерлер, келісімшартпен қызмет ететін әскерилер, курсанттар, сарбаздар Елбасының өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды бірауыздан қолдаймыз. Бұл халықтың зор сенімінің айғағы екені даусыз. Тұңғыш Президенттің тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы рөлі бағасыз. Енді Нұрсұлтан Назарбаевқа бастаған ісін жалғастыруға мүмкіндік беруіміз қажет.

Әскери институттың тарихы Елбасының есімімен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының шешімімен құрылған оқу ордасына жауынгерлік туды ол  1997 жылы өзі табыс еткен болатын. Жұмабек Ахметов Президенттің еліміз үшін істегені өлшеусіз екенін айтады. Бірінші кезекте ол мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселелердің түйінін тарқатты. ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы әскери салада маңызды шешімдер қабылдады.

  Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының бастығы:
Мемлекетімізді құру кезінде өте маңызды шешім қабылданды. Біз ядролық қарудан бас тарттық. Семей полигоны жабылды. Бұндай шешімді тек қана көреген, дана саяси көшбасшы ғана қабылдай алатыны даусыз.

Тағы бір маңызды іс – еліміздегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауда үлкен жұмыстар атқарылды. Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатымыз бүгінде халықаралық қауымдастықта ерекше құрметке ие. Бұл бағыттағы Елбасы саясатының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеді дейді әскери институттың бастығы. Тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан -жылға, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет.

Айымгүл Әбілева