Билік

Қала әкімі Нұржан Әшімбетов есептік кездесулерін бастады

 

 

 

 Бұл – қала әкімінің биылғы жылы халық алдында алғаш есеп беруі. Нұржан Әшімбетов өткен жылы облыс орталығында атқарылған жұмыстарды тізді. Оның баяндамасына қарағанда, былтыр барлық салаларда оң өзгерістер байқалған. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, спорт – қысқасы баршасында жоғары көрсеткіштер. Өткен жылғы есептік кездесулерде тұрғындардан түскен өтініш, ұсыныстардың іске асуы да жоғары деңгейде – 96 пайызды құрайды. 422 ұсыныс-өтініштің 403 орындалыпты.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Ұсыныс-ескертулердің 339-ы, яғни 80 пайызы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына қатысты айтылды. Қалалықтарды толғандыратын басты мәселелер – жолдарды жөндеу, көшелер мен үй аулаларын жарықтандыру, абаттандыру, жылумен, сумен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалына байланысты.

Тұрғындардан түскен өтініштердің 19-ы ғана орындалмаған. Нұржан Әшімбетов олардың 2011 жылғы жоспарға енгізілгенін айтты. Бұл жолғы кездесуде де қалалықтар тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына қатысты мәселелерді көптеп көтерді. Оларды апаттық жағдайда тұрған баспаналар мен үй аулаларын жөндеуге мемлекеттен қандай көмек болатыны қызықтырды. Облыс орталығының әкімі бұл істің биыл да жалғасатынын алға тартты.
Халықты медициналық қызмет көрсетуге қатысты мәселелер де толғандырады. Солнечный кентінің тұрғындары ауданда өз медбикелерінің жоқтығына шағымданды. Бұл мәселе Юбилейный ауданындағы жаңа емхананың іске қосылуымен шешіледі. Нұржан Әшімбетов кездесуде айтылған барлық ұсыныс-өтініштер жергілікті атқарушы биліктің бақылауында болатынын айтты.

Айымгүл Әбілева