Спорт

7-ші қысқы Азиада ойындарының Алау эстафетасы Солтүстік Қазақстан облысына жетті

 

 

 

 Қаңтардың 11-де  Әл-Кувейт қаласында тұтандырылған 7 қысқы Азия ойындарының алауы келесі күнi ұшақпен Алматыға жеткiзiлдi. Осыдан бастап отты шерудің Қазақстанның өңiрлерi бойынша 20 күндік саяхаты басталады. 15 мың шақырымдық қашықтықтың тең жартысын өтіп үлгерген достық шырағы  Солтүстік Қазақстан өңіріне жетті. 10 күнде   еліміздің 9 қаласын ааралап өткен Алау құтысы мен тасымалданбалы оттық өңірімізге Қостанай облысынан АН-3 ұшағымен жеткізілді. Еліміз үшін айтулы шараға арнайы құтқарушылардың қауіпсіз ұшағы бөлініпті. Қазақстандықтардың рухын көтеріп, айбынын асқақтатқан VII қысқы Азиа ойындарының  алауын алып жүрген эстафета сақшылары Солтүстік Қазақстан топырағын басты. Қадірменді қонақтарды жерлестеріміз киелі домбыраның әсем сазымен, ұлттық дәстүрімізге сай шашумен қарсы алды. Қасиетті отты тасымалдаушылар достық шырағын қала әкімі Нұржан Әшімбетовке табыс етті. Әуежайда 7-ші қысқы Азия ойындарының алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатынан  кейін маңызды спорттық науқанға қатысушылар мен алау эстафетасының басты нышаны  «Халық банкі» облыстық филиалының ғимаратына жол тартты. Олимпиадалық комитет бұл қаржы институтын алаудың ресми сақтаушысы деп таңдаған.
Солтүстік Қазақстаннан кейін алау Ақмола облысына аттанады. Ал қаңтардың 30-ы күні Елорданың «Астана Арена» спорт кешенінде Азия алпауыттары тартысының басталуына белгі беретін қазандық жағылады. Айта кететін жәйт 1980 жылдан бері бұндай деңгейдегі спорттық ойын посткеңестік кеңістікте өткен емес.

 

Ал қаңтардың 21 күні сағат 12 кезінде Алау эстафетасы үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың ақ үйі жанында басталып, бүкіл қаланы аралап кетті.

Соғыс және еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар мен өнер майталмандары, бір сөзбен айтқанда алауды сеніп тапсыруға ылайықты 60 солтүстікқазақстандық екі кезеңге бөлініп, 12 шақырым қашықтықта отты алып жүрді. Бұл маңызды шараны қала халқы үлкен қуанышпен бақылады. 

Елімізде бұрын-соңды болмаған алып құрлықтың аламан жарысын өткізу абыройлы міндет, үлкен жауапкершілік. Қазақстан қысқы Азия ойындарының шежіресінде тұңғыш рет алау эстафетасын ұйымдастырыып отыр. Сондықтан осы сәттер еліміздің тарихында ғана емес, ақ Азияданың жылнамасына алтын әріптермен жазылмақ.  
Облыс әкімі Серік Біләлов жиналғандарды құттықтап, елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан шараға солтүстікқазақстандықтардың да белсене қатысып жатқанына ризашылығын білдірді. Отты шеруге қатысушыларға сәт-сапар тіледі.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 –  Құрметті солтүстікқазақстандықтар, қала қонақтар,  бүгін біз айрықша оқиғаның куәгерлері боламыз.
Қазақстан қысқы Азия ойындарын қабылдаған 4-ші ел. Халықаралық деңгейде мәртебемізді асқақтататын жарыстың Қазақстан Республикасында өтуіне  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделі ықпал етті деп айта аламын. Еліміздің намысын арқалап бақ пен бап таластыратын спортшыларымыз әлемдік рекордтарды жаңартсын деп тілеймін.  

Алау эстафетасы үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың ақ үйінен от алды. Эстафета сақшылары алғашқы шырақ жағылған құтыны өңір жетекшісі Серік Біләловке салтанатты түрде тапсырды. Облыс әкімі Алматы маңында табылған б.з.д. 3-1 ғасырдағы сақтардың жарықтандырғыш құралы негізінде жасалған құтыны алып эстафетаны бастады. Алтын және күміс түсті бояулармен көмкерілген отандық факелдің келбеті көнеліктің рухын сіңіргенімен ішкі құрылысы жаңа технологиялық құрылымдардан тұрады. Шырақтың үздіксіз жануына қысқы табиғаттың қандайда болмасын тылсым мінезі кедергі емес. Бұны артта қалған мыңдаған шақырымдар дәлелдеп отыр. Алғашқы 150 метрлік қашықтықты бағындырған Серік Біләлов эстафетаны Елена Парфеноваға табыс етті. Жеңіл атлетикадан жазғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Елена Парфеновадан кейінгі кезекті бокстан қыздар арасында Қазақстан мен Азияның 1-ші нөмірлі былғары қолғап шебері Дариға Шәкімова іліп әкетті.

Дариға Шәкімова,  ҚР бокстан спорт шебері:
Мен үшін зор мақтаныш. Жерлестеріміз көптеп жиналып, бізбен бірге маңызды шарадан шет қалмады. Астана мен Алматыдағы спортшыларымызды осылайша қолдап отырамыз.  

Осы ретпен бірінші кезеңнің 30 алаугері Абай мен Пушкин ескерткішіне бет алды. Алаугерлердің алғашқы легінде облысымызға танымал азаматтар:   соғыс және еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер мен мұғалімдер  – барлығы да алауды алып жүруге  лайықты жандар. Олар Петропавл көшелерін дүбірге бөледі. Азиада алауын көруге мыңдаған солтүстікқазақстандық жиналды.

 Тұрғындар:

7 саны қазақтар үшін маңызды. Сондықтан спортшыларымыз 1-ші орын алуға тиісті.
Өткен Саммитіміз қазақ ұлтының бар екенін көрсетті. Енді Азия ойындарында спортшылар 1-ші орындарды алып қазақтың атын шығаруға тиіс деп ойлаймын.

Елбасы халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында қысқы Азия ойындары еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға ықпал жасайтын маңызды фактор болуы керек деп баса айтқан болатын. Дүбірлі жарыс арқылы ауыл спортын жандандырып, деңгейін асқақтату да көзделген. Осы мақсатта ережеге сәйкес алаугерлердің 30 пайызы облыс орталықтарының тұрғындары, ал өзге 70 пайызы дарынды ауылдықтардың үлесінде болуы шарт. Бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Ақжар ауданының палуаны Ақан Баймағамбетовке де қасиетті отты ұстап жүгіру мәртебесі бұйырды.

Ақан Баймағамбетов,  ҚР күрестен спорт шебері:
Осы алауды ұстағанда өзімді Қазақстанның патриоты ретінде сезіндім. Үлкен қуат алдым. Мен 7-ші Азия ойындарының алауын көтеріп, бақыттымын. Спортшыларға тілерім  – үлкен шыңдарда жүрсін.

Алты шақырым алауды алып жүрген алаугерлер Абай мен Пушкин ескерткішіне тіреліп, бірінші кезеңді аяқтады. Алғашқы лектің нүктесін спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Александр Липовой қойды. Бұл жерге шырақты жеткізген 80-ң сеңгіріне шыққан Петропавлдың Құрметті азаматы үлкен қазандықтағы эстафета алауын жақты.

 Александр Липовой, Петропавл қалалық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы:
– Бұл азиядалық шара мені жасартқандай болды. Мен былай жүгіре аламын ба деп уайымдаған едім. Алау қолыма тигенде маған қанат біткендей, бойымды сергектік сезімі биледі.  

 

 Күллі Азия елі көз тіккен алаудың біздің қаламызда тоқтаған екінші нүктесі Абай мен Пушкин ескерткіші болды.  

 

Саябақ алаңы бүгін “Алға, Қазақстан!” деп ұрандаған үлкен-кіші, кәрі- жастың қуанышты үнімен жаңғырды. Осымен оныншы күн қатарынан Қазақстанның байтақ даласын шарлап келе жатқан  алауды қарсы алуға күннің суығына қарамастан қалалықтардың біразы жиналды.

Тұрғындар:

-Бұл Азиада Қазақстан үшін өте маңызды. Сондықтан мен осында спортшыларымызды қолдауға келдім.
– ОБСЕ-ден кейінгі өткізіліп отырған Азиада-2011 үлкен қуаныш деп есептеймін. Спортшылар тек жеңіс тұғырынан көріне берсін дейміз.

Петропавлда Азиада шырағын екінші рет тұтату құрметі облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресовке бұйырды.  200 метрлік қашықтықтан кейінгі келесі аялдамада Азиада шырағын гір көтеру спорты бойынша әлем чемпионы Виталий Диденко қарсы алды. Спортшы жерлестерінің қолдауымен отты мүгедектер арасындағы ҚР чемпионаты мен параолимпиадалық ойындардың жеңімпазы Руслан Долобаевқа табыс етті. Әуезов көшесін бойлай өткен шеру “Қарасай” стадионына табан тіреді. Соңғы нүктеге алауды спорттық акробатикадан КСРО спорт шебері, қалалық мәслихаттың депутаты Ринат Белогонов жеткізді.

  Ринат Белогонов, спорттық акробатикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры:
– Өзіме осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Мен көптеген үлкен деңгейдегі спорттық жарыстарға, әлем чемпионаттарына қатыстым. Бірақ оның бәрі бүгінгі алған әсеріме тең келмейді. Бұл еліміз үшін спорттық қана емес, қоғамдық-саяси маңызы шара. Мен Қазақстанды мақтан тұтамын.

Азия ойындарының басты нышаны – алауды алып жүрген барлық азаматтар бұл мүмкіндікті, сөзсіз, зор мәртебе деп бағалайды. Ал ұзақ сапар барысында Азиада шырағына құрмет көрсетіп жүрген мыңдаған қазақстандықтар жерлес спортшыларымызға жанкүйер болуға үлкен әзірлік үстінде. Петропавлдықтар бүгін соның айқын дәлелін көрсетті.

Тұрғындар:
-Мен спортты жақсы көремін, спортшыларды қолдаймын.
– Мен “Алға Қазақстан!” деп спортшыларға қолдау көрсетемін.
 – Алға, Қазақстан!


 Бірер минуттан кейін оттық «Қарасай» стадионына жеткізілмек. Солтүстікқазақстандықтар эстафетаны ерекше қарсы алу үшін арнайы креативтік нөмірлер дайындаған. Бірлік шырағы әкелінген соң облысымыздың конькишілері, шаңғышылары мен “Буран” машинасын мінген споршылар алауды қолдарына алып спорт алаңын айналып өтпек.

Алауды тасымалдаушы топты стадионға қалалық мәслихат депутаты Ринат Белогонов бастап кіріп, алау эстафетасын облысымыздың белсенді азаматы ғасырда бір келер конькиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Наталья Рыбаковаға табыс етті. ҚР  бірнеше мәрте чемпионы, сайыпқыран спортшы қыз «Алға, Қазақстан!» деп ұрандаған жастар қошеметімен алауды шаңғышыларға алып жүрді. Бүгінгі таңда өнерін Канада елінде шыңдап жүрген Наталья туған Отаныма келіп, алау эстафетасына қатысу мен үшін үлкен мәртебе дейді.

 Наталья Рыбакова, конькиден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР  бірнеше мәрте чемпионы:
-Маған алауды көтеруге ұсыныс түскенде қуана келістім.
Шырақты қолға алғанда бойыңда үлкен патриоттық рух сезіледі. Жалпы Азиадада қазақстандық спортшылардан көп нәтиже күтемін.

Кейін алау ҚР  велосипед спортынан құрметті жаттықтырушысы Сергей Кручинаға берілді. Облысымыздан талай спортшыларды түлетіп шығарған азамат шаңғымен алау отын асқақтата алып өтті.

  Сергей Кручина,  ҚР велосипед спортынан құрметті жаттықтырушысы:
Мен өзім жазғы спорт түрлерінен жаттықтырушымын.  Дегенмен, қай спорт түрі болмасын бір-біріне жақын ғой. Қазақстан мұндай үлкен жарысты алғаш рет ұйымдастырып отыр. Мен соның бір мүшесі болып, бүгінгі шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын.

“Айымжан агро” ЖШС директоры Қаби Жолмұқанов достық шырағын стадионда соңғы болып көтерді. Ол қар үстінде жүретін машинамен спорт алаңын аралап, оттықты полиция капитаны Талғат Шаяхметовке тапсырды. Айту керек, петропавлдықтар Азиада алауының эстафетасын  көруге белсене атсалысты. Олар осы жарыста отандастарымыздың мерейі үстем болады деп сенеді.

 Тұрғындар:
-Бұл бүкіл облыс халқының есінде мәңгі қалады деген ойдамын. Мен бүгін эстафетаға қатысқаныма қуаныштымын.
-Мен барлығын өз көзіммен көріп тұрмын. Өте бақыттымын.
-Бұл шара мен үшін өте маңызды. Себебі мен де спортшымын.

Бұдан кейін қазақ халқының рухын көтеріп, айбынын асқақтатқан Азиада ойындарының   алауын алып жүрген эстафета сақшылары Н. Погодин атындағы орыс драма театрына бет алды.

 Алаумен қоштасу шарасы мен үлкен галаконцерт  облыстық Николай Погодин атындағы орыс драма театрында өтті.   Солтүстік Қазақстан өңірін аралаған 7-қысқы Азия ойындарының алауы – Ақмола облысына жол тартты.  

 7-қысқы Азия ойындарының бастамасы болған шара Петропавлдағы шарықтау шегіне Погодин атындағы театр ғимаратында жетті. Қала көшелерін аралап өткен алаумен төрдегі үлкен қазандықты тұтату құрметі жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2009 жылдың үздік спортшысы Маргарита Мацкоға бұйырды.

 Маргарита Мацко, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
-Менің кеудемді бақыт пен қуаныш кернеп тұр. Мен отаным үшін мақтанамын. Өйткені біздің еліміз дамып келеді. Қазақстан Республикасы Азия ойындарын өткізетін биік дәрежеге жетіп отыр. А
лдағы ойындарда спортшыларға тек алтын алқалар тілеймін.

Отты жоғарыға көтеріп, 12 шақырымды жүгіріп өткен солтүстікқазақстандықтар байрақты сынға қатысатын спортшыларымызға ақ жол салған алау эстафетасын жоғары дәрежеде өткізді. Өңір тұрғындарын осындай айтулы спорт мерекесімен облыс әкімі құттықтады. Серік Біләлов алау эстафетасын бастап, отпен 150 метр жүгіріп өткен бірінші алаугер. Сондықтан  7-қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы сертификатты алдымен облыс әкіміне табыс етті. Алып құрлықтағы қысқы спорт ойындарының үлкен додасына 4 бірдей шәкіртін  үкілеп қосқан жерлесіміз   Жамбыл Тасеменов те алаугерлердің қатарында. Мен үшін бұл қос қуаныш дейді облыстың құрметті азаматы.  Барша солтүстікқазақстандықтардың рухынан нәр алған 7-қысқы Азия ойындарының алауы   Ақмола облысына жол тартпақ. Алау сақшылары Петропавлдың төрінде жағылған қазандықтағы оттан ауыспалы құтыға шырақ алып, жолға аттанды.  Үлкен галаконцерт – алау эстефетасының шымылдығын жапты. Қала мен облыстың үздік шығармашылық ұжымдары алаугерлер мен қонақтарға өз өнерлерін паш етті.
Концерттен соң алаугердің барлығына облыс әкімі Серік Біләлов сертификаттар табыс етті.  Облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі, актер, ҚР Мәдениет қайраткері Біржан Жалғаспаев үшін  де бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Енді алаугердің сертификаты – үлкен шарадан қалған мәңгілік естелік болмақ. Барша Қазақстан халқын біріктірген шараға атсалысу – кімге болса да үлкен мәртебе. Ұлттық спорт ойындары – көкпар, аударыспақ, теңге алудан спорт шеберіне үміткер, “Қайнар” шаруа қожалығының басшысы Рамазан Махатов та Азиада алауын көкке көтерген жерлесіміздің бірі. Облыс тұрғыны еліміздің әр өңірін аралап, халықтың ақ тілектерін жинаған қасиетті от, қазақстандық спортшылардың жеңісіне сеп болатынына сенімді.
 
Жеңіс Ермұқанов, Гүлден Сәрсенбаева, Гүлмира Шоқтыбаева