ТЖ

Петропавлда өрт гидранттарының жартысынан астамы іске жарамсыз

 

Екінші қалалық емхана аумағындағы өрт гидранты қар астында қалыпты. Өрт сөндірушілер оны қатқан мұздан аршып алу үшін он бес минут уақыт жұмсады. Мамандар қала бойынша өрт гидранттарының барлығының дерлік осындай жағдайда екенін айтады. Ал бұл өз кезегінде құтқарушылардың жұмыстарына үлкен кедергі. Өйткені төтенше жағдай  болса қалса,  өрт сөндірушілер суды осы жерден алады.

  Амангелді Сарбасов, № 1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:
 -Осындай қыстың күндері гидранттарды тауып, қазып алу үшін 20-25 минут уақыт кетеді. Онда су бар ма, жоқ па ол да белгісіз. Жақын жерде өрт болып жатса , біздің машинадағы су тек қана 15 минутқа жетеді.  

Өрт гидранттарына кәсіпорындар мен мекемелер жауапты. Олар өз аумақтарында орналасқан су көздерін үнемі қардан тазалап отырулары тиіс. Бұнымен қатар мамандар өрт гидранттарының техникалық жағдайына да алаңдаулы. Көптеген гидранттардағы су қатып қалған. Қысқа тиісінше  дайындық шаралары жүргізілмегендіктен олар жарамсыз. Бүгінде облыс орталығында 371 өрт гидранты болса, оның жартысынан астамы істен шыққан.

  Әсет Ысмағұлов, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
Петропавлдағы көп гидранттар қыста қолдануға дайын емес. Өйткені олар жылытылмаған. 298 өрт гидранты “Петропавл су” АҚ-ның балансында. Осы гидранттарға олар жауапты. Барлық техникалық жұмыстар олардың мойнында.

Облыс орталығындағы 73 өрт гидрантының иесі жоқ. Мамандар осы күні қаладағы су көздерінің жағдайы мүшкіл екендігін айтып отыр. Өткен жылдың күзінде жүргізілген тексеріс қорытындысында жеті кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалған. Өндірілген айыппұл сомасы – 70 мың теңге. Ондаған мекемеге ескертпе жасалған. Ал № 17 мектептің аумағындағы  өрт гидрантының мүлде қақпағы жоқ, ашық жатыр.

 Айымгүл Әбілева