Әр түрлі

Болашақ сарбаздарды тіркеу басталды

  

 

 

 

 

Илья Никитин терапевт, хирург, психиатр сияқты 8 дәрігердің қарауынан өтіп, әскерге жарамды деген қорытынды алды. Офицер болғысы келетін жеткіншек уақыты келгенде Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті түрде аттанатынын, кейін қызметін әскери салада жалғастыратынын айтады.

  Илья Никитин, № 2 орта мектеп оқушысы:
-Мені дәрігерлер тексерді.
8 маманның қарауынан өттім. Бәрі жақсы деп айтты.

СҚО қорғаныс істері бойынша департаментінің қызметкерлері жастарды алдын ала әскерге шақырудағы мақсатымыз  – әскерге өз ниетімен барғысы келетіндерді анықтау дейді.

 

  Николай Белогуб, СҚО қорғаныс істері бойынша департаменті бастығының орынбасары:
– Біздің мақсатымыз  – әскери борышын өтеуге аттанатын жастардың тізімін құру.
Денсаулықтарына байланысты қиыншылықтар туындап жатса, оның алдын алу. Ал ең бастысы әскеритехникалық мамандар қатарын толықтырамын деушілерді табу. Біз үшін ол өте маңызды. Кейін өмірін әскери салаға арнағысы келетіндерді Қорғаныс Министрлігінің әскери техникалық мектебінде дайындықтан өткіземіз.

Әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өтуге күніне 50-ге жуық жасөспірім келетін көрінеді. Бүгін де әскер қатарын толықтырамын дейтін азаматтар аз емес. Олардың біреулері ағасының жолын қууға келсе, енді біреулері балалық шақтағы армандарын жүзеге асырмақ.

  Медет Әубәкіров, теміржол колледжінің студенті:
-Меніңше әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.
Бұл міндет. Болашақта өз өмірімді әскери шенмен байланыстырғым келеді.

Өкінішке қарай, көп жастардың мұраттары тек арман жүзінде қалып жатады. Өйткені  көбі денсаулығына байланысты туындаған қиындықтардың кесірінен азаматтық парызын өтей алмайды.
 

 Нәзира Ғабдулина, СҚО қорғаныс істері бойынша департаменті бастығының көмекшісі, медициналық комиссия төрайымы:
-Бүгінгі таңда жастар арасында майтабанға шалдыққандар мен омыртқасы сыр білдіргендер жиі кездеседі. Мұндай дертке көбіне жасөспірімдер шалдығып жатады. Біздің мақсатымыз осындай ауруларды алдын ала анықтап, 2-3 жыл ішінде емдеп шығару. Ондай азаматтар ауруханаларға тізімге тұрғызылады.

Дегенмен, тепсе темір үзе алатын, болаттай берік денсаулығы барлардың азаматтық  борышын өтеуден жалтарып жататыны тағы бар. Әскери учаскелік тіркеуге тұруға шақырылғанымен, оған құлақ аспайтындар жиі болмаса да кездесіп қалады. Мәселен, өткен жылы облысымыздан 6 адам уақтылы тіркеуге тұрмаған. СҚО  қорғаныс істері бойынша департаментінің қызметкерлері ондай жағдайда  шара қолданылатынын ескертеді.

  Николай Белогуб,  СҚО қорғаныс істері бойынша департаменті бастығының орынбасары:
94-ші жылғы азаматтардың әскери тізімге дер кезінде тұруын сұраймын. Егер бұл өтініш орындалмаса,  сәуірдің 1-нен ондай заң бұзушыларға айыппұл салынады. Ал белгілі бір себептермен келе алмағандар құжаттай түсініктеме дайындауы керек.

Заң бұзушы 508- бапқа сәйкес әскери комиссариаттың шақыруы бойынша келмегені үшін 5 айлық көрсеткішке тең айыппұл төлейді. Дегенмен азаматтық парызын абыроймен орындағысы келетін жастар саны өспесе кеміген емес. Биыл 4 560 адам тізімге тұрғызылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50-ге артық.

Гүлден Сәрсенбаева