Көлік және жолдар

Қала ішінде жолаушылар тасымалдау ақысы өседі

 

 

 

 

 

Бүгінде Петропавлдағы қоғамдық көліктер 33 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Жолақының бағасы соңғы рет 2007 жылы өзгерген. Дегенмен жанар-жағармай, техника саймандары, қызмет түрлерінің уақыт өткен сайын қымбаттауы осы тұрақтылықтың әрі қарай сақталып қалуына кедергі келтіріп отыр.

  Галина Семенова,  “СҚО көлік құралдары” бірлестігінің төрайымы:
Петропавл тұрғындарын биыл да сапалы қызмет көрсететін қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету үшін тасымалдаушылар жолақыны өсіруге мәжбүр болып отыр. Өйткені 2007жылдан бастап 2011-ге дейін жанар-жағармай, жылу, электр энергиясы тарифтерінің, техниканың қосалқы бөлшектерінің бағасы бірнеше есеге қымбаттап кетті.

Жолақыны көбейту туралы ұсынысты қаладағы барлық тасымалдаушы тараптар қолдап отыр.  Өйткені техниканың күнделікті қалыпты жұмыс істеуіне кететін шығын түсетін кіріспен өтелмейді дейді олар. Сондықтан бұл шешім тасымалдаушылардың біржақты келісімімен қабылданып, қалалық әкімдікте бекітілді. 7, 14 бағыттағы автобустар мен 24, 25, 26 шағын автобустарды шығаратын Петропавл автобус паркінің директоры Ермек Нұрпейісов шығынның көптігі жұмысшыларға тиісті жалақыны төлеуге кедергі келтіретінін алға тартады.

  Ермек Нұрпейісов, “Петропавл автобус паркі” ЖШС директоры:
160 кісі бар. Слесарьлар, 35 жүргізуші, 60 кондуктор. Олардың айлығын көтеру керек енді. Айлығы 25-29-ға дейін барады. Көтеру керек боп тұр.  

Өткен жылы басталған жастары 80-нен асатын қарияларды тегін тасымалдау акциясы биыл да жалғасын таппақ. Сонымен қатар  тегін жүру құқығы бар 700-ге жуық арнайы әлеуметтік топтағы тұлғалардың жол жүру билеттерінің мерзімі де ұзартылады. Бұл жолаушылардың бір бөлігі үшін ғана жағымды жаңалық. Ал аптап ыстықтар мен қақаған аяздарда жұмыс күнін автобус күтумен бастап, дәл осылай аяқтайтындар бұл өзгеріске қалай қарайды екен?

 Тұрғындар:
– Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан таңқалмаймын.
– Қиындау болады пенсионерлерге, жұмыс істемейтіндерге. Мен өзім жаяу жүремін.
 

 Кәусар Аяпбергенқызы