ТКШ

Қоқыс шығаратын кәсіпорындар жұмысы қатаң бақылауға алынды

  

 

 

 

Қалада қоқыс шығарумен “Спецавтотранспорт кәсіпорны” , “Жолаушы СК”, «Мюльсервис» серіктестіктері айналысады. Кәсіпорындар жаңа жылдан соң өз міндеттерін ұмытып кеткен сыңайлы. Соның салдарынан тұрғын үйлердің маңайы аяқ алып жүргізбейтін күйге жеткен. Мерекелік демалыстарын қоқыстың астында өткізген тұрғындар  болса, қалалық әкімдіктің анықтамалық бөліміне қоңырау шалып, наздарын білдірген. Жұрт өкпелесе, өкпелегендей. Тұрмыстық қалдықтар жәшіктерден асып төгіліп,  желге ұшып, үй аулаларына дейін барған. Осыған орай табиғат қорғау прокурорлары  мәселенің мән-жайын білу үшін қала бойынша рейдтік шараларды бастады.

  Айдос Кеңбеилов, СҚО табиғат қорғау прокурорының көмекшісі:
Біз тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесінің қаншалықты дұрыс орындалып жатқанын тексерудеміз. Ал жұмыстың қорытындысы жайлы халыққа кейінірек  хабарлайтын боламыз. Бұл рейдтік шараның басы ғана.

Петропавлда тұрмыстық қалдықтар аузы-мұрнынан шығып жатқан қоқыс жәшіктері аз емес. Сондай жерлердің бірін Театр көшесінде орналасқан 47-ші үйдің қасынан кездестіруге болады. Ол аймақтың тұрғындары қоқыс тастайтын жер таба алмай қынжылуда. Табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Айдос Кеңбеилов мұндайға жол берген мекемелер міндетті түрде жауапқа тартылатынын айтады.

  Айдос Кеңбеилов, СҚО табиғат қорғау прокурорының көмекшісі:
Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпорындарда қоқыс шығару жұмыстары бойынша олқылықтар анықталса, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін оларға айыппұл салынады. Ал оның көлемі жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың түріне қарай белгіленеді.

Прокурорлардың айтуынша, ең аз айыппұл көлемі 5000 айлық есептік көрсеткіштен басталатын көрінеді. Алайда кімге қандай жаза қолданылатыны рейдтік шараның қорытындысы бойынша анықталмақ. Тексеріс нәтижесі аптаның соңында белгілі болады.

Гүлден Сәрсенбаева