Әр түрлі

Крещение мерекесі

 

 

 

 
Православ дінін ұстанушылардың Крещение мейрамы дәстүрге сай крест шеруінен басталды. Шіркеуден Есіл өзеніне дейін жүріп өткен христиандар протоиерей  Сергиймен бірге құдайға сыйынды. Кейін облысымыздың бас протоиерейі кресті суға малып, өзенді аластады. Бұл 2 мың жылдан бергі бәз-баяғы қалпында өзгермей келетін діни мерекенің дәстүрі.

 протоиерей Сергий:
-Біздің жерімізге Крещение мерекесі келді. Бұл христиандардың 20 ғасырлық тарихы бар діни рәсімі. Бүгін аласталған су ерекше қасиетке ие болып, кез-келген ауруға шипа бола алады. Мұндай жерлерден алынған су күндер, айлар түгіл жылдап бүлінбейді.  

Осылайша тазартылып, ерекше қасиетке ие болған барлық су көздері иордан сулары деп аталады. Себебі Иса пайғамбардан бастап ең алғаш шоқынушылар Иордан өзеніне шомылыпты. Православие сенімдегілер 25 градус аязға қарамастан Есіл өзенінің бойында ойылған құдыққа сүңгіп шығу үшін ұзын- сонар кезекте тұр. Бұл күні қасиетті суға шомылу түрлі дерттерге шалдығудан қорғаумен қатар күнәдан арылтып, жанды тазартады деп есептеледі.   

  Евгений Золотарёв:
Алғашқы рет түсуім. Су суық болғандықтан қатты тоңып үсік шалады деп қорықтым. Алайда өзімді жаңа туғандай жақсы сезініп тұрмын.
  Алёна Трофимова:
Суға шомылу үшін екінші жыл келіп тұрмын. Ерекше қасиеті барына көзім жетті. Жиі сырқаттанып қалатынмын. Өткен жылы бар аурулар мені айналып өтті. Ең бастысы денсаулық қой.  
  Евгений Федотов:
Үш жыл бойы дайындалып, әйтеуір бүгін сәтті түсіп өзен суына сүңгідім. Судан шыққанда бойымды сергек сезініп, ерекше қуат алғандай болдым.  

Есіл өзенінің бойына жиналғандарды мерекемен қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтады.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Петропавл қаласында христиандардың үлкен науқаны өтіп жатыр. Бірге тұратын тұрғындарды құттықтаймыз. Біздің қаламызда бейбітшілік, тыныштық болуына тілектеспіз. Әр халықтың дәстүрлерін қолдаймыз. Ең бастысы халықтың денсаулығы мен әлеуметтік тыныштығы.

Біреулер денсаулықтарын шыңдап, судың  емдік қасиетін ойықтарға сүңгу арқылы бойларына дарытып жатқанда, басқалар қажетінде пайдалану үшін ыдыс- аяқтарына су толтырырып әлек. Сондықтан мұздың үстіне халық көптеп жиналды. Ал оның қалыңдығы  40 сантиметрден аспайды, үлкен салмақ түсе қалса, мұздың морт сынып кетуі ғажап емес. Сондықтан жамиғаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сақтық шаралары да ұмытылған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері Есіл бойын күшейтілген режимде күзетіп жүр.

  Азамат Қошпанов, СҚО суда құтқару қызметінің құтқарушысы:
Күн салқын, мұз жұқа Әзірге ешқандай жағдайлар болып жатқан жоқ. Көмекке келуге дайын отырмыз. Барлығы да ойдағыдай өтеді деген үміттеміз.   

Өзен суы қасиетін 3 күн бойы жоғалтпай сақтайды екен. Есілге жету мүмкіндігі болмаған адамдар үшін үйдегі кранның суы да жеткілікті көрінеді.  

Жеңіс Ермұқанов