ТКШ

Коммуналдық төлемдер қабылдау орталығы таныстырылды

 

 

Кездесуге облыс орталығындағы коммуналдық қызмет ұсынушы кәсіпорындардың жетекшілері мен жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары келген. Өйткені коммуналдық төлемдерді жинау орталығын құру мәселесі нақ осы адамдарға қатысты. Бұл жүйенің елімізде енгізілгеніне он жыл. “Коммуналдық төлем орталығының” өкілдіктері республиканың бірнеше қаласында бар. Кәсіпорынның бас директоры жиналғандарға барлық коммуналдық төлемдерді бір орталық арқылы жинауды көздейтін жүйенің тиімділігі жөнінде әңгімеледі. Бұл жаңашылдық төлем қызметін оңтайландырып, бір жүйеге түсірмек. Орталықтағылар аталған жүйенің қызмет ұсынушы кәсіпорындар үшін де, тұтынушылар үшін де аса ыңғайлы екенін айтып отыр.

  Сергей Бочарников,  Коммуналдық төлемдер орталығының бас директоры:
Біз қызмет ұсынушылар мен тұтынушылар арасындағы байланыстырушы буынбыз. Бұл жүйе екі тарап үшін де тиімді. Мәселен, қызмет ұсынушы кәсіпорынның жұмысын біршама оңтайландырады. Өзінің негізгі қызметімен айналысуға мүмкіндік береді. Біз коммуналдық төлемді жинау қызметін ұйымдастыру және осыған байланысты барлық мәселелерді өз мойнымызға аламыз. Барлығы бір орталық арқылы жүзеге асырылады.

Сөйтіп, қызмет ұсынушы кәсіпорындардың жүгі жеңілдемек. Орталықтағылардың айтуынша, жаңа жүйеден тұтынушылар да ұтады. Тұрғындарға коммуналдық ақыны төлеу үшін қала бойынша жүгірудің қажеті болмайды. Барлық коммуналдық қызметтің ақысы көрсетілген жалғыз түбіртекпен ғана бір терезе арқылы төленеді.

  Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық  басқармасының бастығы:
Бірыңғай төлем орталығы ,әсіресе, тұтынушыларға тиімді. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы тәрізді бір терезе қағидасы бойынша коммуналдық ақыны өтейді. Қазіргі күні тұтынушылар әрбір коммуналдық қызмет бойынша әр кезде бөлек түбіртектер алады. Осының салдарынан кей кезде төлемді мерзімінде жасай алмай жататындар да бар. Жаңа жүйе енгізілсе бұл қызмет бір ізге түсіп оңтайландырылмақ.

Кездесуге келгендер кәсіпорын өкілдерін сұрақтың астына алды. Коммуналдық қызмет ұсынушы тарапты төлемді жинауды ұйымдастыру, қаржының кәсіпорын есепшотына түсуі жағы қызықтырды. Ал жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары   аталған кәсіпорынмен келісімге тұрудың олар үшін тиімсіз екенін айтады. Әрі бұл үшін тағы қаржы керек.

  Валентина Афанасьева:

Бірыңғай түбіртек тұрғындар үшін ыңғайлы. Бірақ жеке пәтер иелері кооперативі үшін тиімсіз. Әрі мүмкін емес деп ойлаймын. Бізге техникалық қызмет көрсету үшін көп ретте қолма-қол қаржы керек. Түрлі жағдай бола қалған жағдайда, мамандар шақырамыз. Жеке кәсіпорындармен келісімге тұрамыз.

Әзірге коммуналдық төлемдер орталығымен келісімге тұруға өңіріміздің коммуналдық қызмет ұсынушы кәсіпорындары асықпай отыр. Бұндай орталық құру мәселесі  қажеттігі олардың арасында жүргізілген сауалнамадан кейін шешілмек.

 
Айымгүл Әбілева