Әр түрлі

Көрнекі ақпаратта тіл заңнамасының сақталуы тексерілді

 

 

 

 

Сыртқы жарнамалардың мемлекеттік нұсқасының көсегесі көгермей-ақ қойды. Ақпарат таратушылар мәтіннің қазақшасының дұрыстығына онша мән бермейді. Олар  сыртқы бейнесі әдемі болып, көз тартып тұрса қуанады.

Жанат Мұхамеджанов, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім бастығы:
ҚР тіл туралы заңының 21-ші және жарнама туралы заңның 6-шы бабына сәйкес барлық ілінетін көрнекі ақпараттар екі тілде ресімделуі керек. 1-ші қазақ тілінде,2-ші орыс тілінде. Қазақ тіліндегі мәтін сол жағында, орыс тіліндегі мәтін оң жағында немесе қазақ тіліндегі мәтін үстіңгі, орыс тілоіндегісі астыңғы жағында орналастырылады.  

Бұл заңның қабылданып бекітілгеніне 13 жыл болыпты. Десе де оның талаптарына көңіл аударатындар шамалы. Сондықтан облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары өңіріміздің жарнама агенттіктерінің өкілдерін дөңгелек үстелге шақырып, ортақ мәселені бірлесе шешуді ұсынып отыр.

 Ермек Құсайынов,  “ПолиАрт” дизайн студиясының директоры:
– Қазақ тілінде дұрыстап берілмейді, қателер көп болады. Қазақ тілі басқармасымен келісеміз, олар қателерімізді түзеп береді.  

Сондықтан  Ермек Құсайыновтың агенттігі басып шығаратын сыртқы жарнамалар да дұрыс жазылып заңға сәйкес тиісінше орналастырылады. Тексерістер де осыны көрсетіп отыр. Ал оның әріптестерінің көбі материалдарын баспас бұрын алдын ала тілдерді дамыту басқармасында бекітпей, жапсыра беретін көрінеді. Сондықтан   қала көшелерінде орналастырылған ақпараттарда қателер көп кездеседі. Соңғы рейдтік шара барысында 118 көшедегі мыңнан аса нысан тексеріліпті. Оның 200-ге тартасы негізгі талаптарға жауап бермейді. Мәтін орысшадан тура аударылғандықтан стилистикалық қате сөйлемдер де кездесіп жатады дейді тіл жанашырлары. Немесе барлық ақпарат тек орысша беріледі. Ал олқылықтардың көп бөлігі орфографиялық қателер. Оның 90 пайызында қазақ әліпбиіндегі “ұ”, “ү” әріптері орысшаланып “у” ға айналады екен.

  Дмитрий Фоминцев,  “Союз Медиа Групп” КТВ бөлімінің жетекшісі:
Алдымен құрылған мәтін түзеушіге жіберіледі, дұрыс қалпына келтіріліп болғасын қазақ тілінің аудармашысына жөнелтіледі. Осы тұста мәселелер пайда болады. Қызметкерлерімізді қоя тұра аудармашылардың өзі жиі қателесіп жатады. Дайындықтары әлсіз. Сондықтан мемлекеттік тілді оқыту курстары жиі ұйымдастырылуы қажет деп санаймын.   

Тексерістердің қорытындысы тоқсан сайын прокуратураға жіберіліп отырады.  

Жеңіс Ермұқанов