Әр түрлі

Облыстық сот өткен жылды қорытындылады

 

 

 

 

Дәстүрлі түрде жаңа жылдың басында облыстық сот өткен 12 айдың қорытындыларын шығарады. Былтыр өңір судьялары 3 063 тұлғаның үстінен қозғалған             2 761 істі қараған. Нәтижесінде 1 352 азамат айыпты деп табылып, 571-і  бас бостандығынан айырылды. 570 азаматқа шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Сондай-ақ  айыпты азаматтардың 6 пайызына жазаның баламалы түрлері белгіленіпті. Жауапқа тартылғандардың 12 пайызы әйел адамдар. Жалпы  судьялар соңғы уақытта қыз-келіншектердің арасындағы қылмыстың артып отырғанын айтады. Былтыр осылайша  165 нәзік жанның 64-і абақтыға жабылған. Десек те  ізгілікке бет алған сот саласының өкілдері қылмыстық істердің өткен жылмен салыстырғанда артқанына қарамастан, түзету мекемелеріне аттанғандардың саны 300-ге қысқарғанын алға тартады. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуы тиіс деп атап өтті кеңейтілген отырысқа қатысқан облыс әкімі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Сот жүйесі – халыққа қызмет ететін маңызды мемлекеттік институттың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сот жүйесінің қоғамның сенімін ақтауына  және соттардың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударады.
 
Серік Біләлов СҚО-ның соты жалпы 2010 жылы табысты еңбек еткенін айтады. Былтыр апелляциялық тәртіпте 6 тұлғаға қатысты үкім жойылған. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 13-ға жеткен. Сотта шығарылатын үкімдердің сапасы жақсарғанын судьялар да алға тартып отыр. 2009 жылмен салыстырғанда  апелляциялық тәртіпте өзгертілген үкімдер 0,1 пайызға төмендесе, кассациялық тәртіпте өзгеріп, болмаса күшін жойған үкім-шешімдер болмаған. Алайда  өткен жылы олқылықтарға жол берген судьялардың ісі  қаралып, нәтиже шығарылуы керек.

 Нұрғазы Әбдіқанов,  Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы:
– Статистика көрсетіп отырғандай, 1-ші инстанцияда шығарылатын үкімдердің өзгеріп кетуі артқан. Бұл не себепті?  Қандай сараптау жұмыстары жүргізілді?
Ербол Рақымбеков, СҚО сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы:
– Үкімдердің өзгеруіне бірнеше себептер анықталды.
Алдымен, бұл қаралатын іске тиісті дайындықтың болмауын көрсетіп отыр. Аталған олқылықтар жиі аяқтан шалады. Сонымен қатар, кей кездері  жас судьялардың үкім-шешімдері өзгеріп жатады.
 
Ендігі кезекте жас мамандарды үздіксіз оқытуға баса назар аударылмақ. Білікті, тәжірибелі судьяларға да заңға енгізілген соңғы өзгерістермен әрдайым танысып отыру артық етпейді.  

 Гүлмира Шоқтыбаева