Спорт

18 жасында 4 дүркін ел чемпионы

   

 

 

 

 

 Асылхан Қараев 7 жасынан бастап шахмат ойынымен әуестене бастаған. Интеллектуалдық ойынның бұл түріне әкесі баулыған көрінеді. Кейін Александр Корневтен жаттығып, талай сайыстарда жүлдеге ие болды. Бүгінде 18 жасар Асылханның бағындырған белестері аз емес. Ол 3 мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атанып үлгерген. Халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Бұл жолы да бағы жанып, жасөспірімдер арасында 4-ші мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атанған.

 Асылхан Қараев, шахматтан ҚР чемпионы:
-Жарыс өте тартысты өтті. Онда тек қана ең мықтылары жиналды.Сондықтан мен өз нәтижеме өте қуаныштымын. Болашақтағы жоспарым – Қазақстан құрама командасының мүшесі болып, әлем чемпионатына қатысқым келеді.

Асылхан 14 жасында облыс құрама командасының мүшесі болды. Күн сайын шахмат клубында жаттығып, алдағы сайыстарға әзірленуде. Интеллектуалдық ойынға әуес жандар дарынды баланың қуанышына ортақ. Салтанат Мұқанов Асылханды 7 жасынан ала тақта ойыншысы ретінде таниды. Аға жаттықтырушы осы күнге дейін жақсы көрсеткіштермен қуантып келген Асылханның болашақта да тұғыры биік болатынына нық сенімді

 Салтанат Мұқанов, шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы:
Асылханның біздің облысымыздың намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсеткеніне ,әрине, қуаныштымыз. Ол солтүстікқазақстандық шахмат майталмандарының бірі. Болашақта да биік белестерден көрінетініне үміттенеміз.

Облыс құрамасы ақпан айының соңында Павлодар қаласында өтетін жартылай финалға дайындалуда.

Айдана Демесінова