Өнеркәсіп

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары келді

 

 

 

 

“ЗИКСТО” зауыты үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші жылында астық вагондарын рельске қойды. Вагондар жаз бойы Ресейде тексерістен өткізілді. Бүгінде зауыт ұжымы хопперлерді өндіріске шығаруға әзір. Жыл басында зауыттың тағы бір өнімі – жартылай вагонға үлкен тапсырыс түсті.

  Владимир Крашенинников, “ЗИКСТО” АҚ құрастыру бөлімінің бастығы:

Әзірге бірінші тоқсанда 300 жартылай вагонға тапсырыс түсті. Келесі жартыжылдықта астық тасығыштар бойынша да келісім жасалмақшы.   Жылдың екінші жартысында 200 хоппер өндіреміз.

Яғни  қолға алынған жоба толықтай жүзеге асырылуда. Зауыт жылына 600 вагон жасап шығара алады. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау зауыттың вагон жинау, доңғалақтар жасау цехтарында болып, жұмыс барысын көрді. Зауыт ұжымы ендігі уақытта цемент тасығыш пен қалыпта дәнекерленген арбалар өндірісін игермекші.
Ал “Мұнаймаш” зауыты соңғы жылдары бұрғылау насостарын шығару ісін оң жолға қойған. Өткен жылы ғана зауыт “Қазмұнайгаз” үшін 9000 насос жасаған. 2011 жылы тапсырыс портфелі 2,2 млрд теңгені құрайды деген жоспар бар. Кәсіпорын механикалық қондырғыларды модернизациялау ісін қолға алмақшы. Өндіріс орнымен танысқан Альберт Рау солтүстікқазақстандық зауыттардың аяқ алысын оң бағалады.

  Альберт Рау,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:

-Біздің мақсатымыз өткен жылы іске қосылған нысандарды көріп, бағдарламаға биыл қосуды жоспарлап отырған жобалармен танысу еді. Сондай-ақ Президент өндіріс орындарын модернизациялау міндетін қойып отыр. Бұл жұмыс зауыттардағы еңбек өнімділігін арттырар еді. Петропавлда болашағы зор зауыттар бар. Олардың жақсы жарақталғанын да көріп шықтық. Ендігі уақытта әңгіме өнімді өткізу, маркетингпен байланысты болмақ.

Өткен жылдың соңында бірнеше салалық құрастыру бюролары іске қосылған. Мұнай-газ және машина жасау салалары үшін қондырғылар құрастыру бюросы Солтүстік Қазақстан облысының еншісіне тиген.

  Альберт Рау,  Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:

-Біз бюроны міндетті түрде Петропавлда ашу керек деп шештік. Себебі мұнай-газ, машина жасау саласы үшін қажетті қондырғылар өндірісі осы жерде шоғырланған. Әрі тәжірибе де мол. Сондай-ақ, бұл өндіріс орындары экспорт мәселесін де естен шығармауы керек деп ойлаймын.

Құрастыру бюросының жоспарлары жұмыс тобы мен зауыт басшыларының қатысуымен өткен жиналыста талқыланды.

Әсем Рахметова