Өнеркәсіп

Кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті

 

 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың алғашқы бес жылдығы. Іс-қимыл жоспарының алғашқы жылын қорытындылайтын уақыт жетті. Облысымызда мемлекеттік бағдарлама аясында өткен жылы 10 жоба жүзеге асырылды. Бұл тек үлкен істің бастауы ғана. Алдағы жылдары индустрияландыру картасына болашағы зор тағы бірнеше жоба енгізілмек.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Өңіріміздің индустриялық кешені жоғары қарқынмен дамып келеді. Оның облыс экономикасындағы үлесі айтарлықтай – жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Бұл салада 20 мың адам еңбек етеді. Осы орайда Елбасы қойып отырған міндеттердің өңір үшін маңызы айырықша.  

Жалпы ел көлемінде 152 өндіріс ошағы іске қосылған. Ендігі міндет – жаңа кәсіпорындардың тұралап қалмай, толыққанды қуатпен жұмыс істеуі болып отыр. Индустрияландыру картасы – үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бір тетігі ғана. Бұл іс-қимыл жопарының ауқымы кең. Бағдарлама жемісті болуы үшін министрліктегілер екі мыңнан астам отандық кәсіпорынның жұмысын сарапқа салған.

  Альберт Рау,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканың басым бағыттарын өркендетуге арналған. Бүгінде он екі салаға басымдық беріліп отыр. Осы бағытта елімізде түрлі салалық бағдарламалар әзірленді.

Бүгінгі күннің басты міндеті – өндірісті модернизациялау. Осы бағытта “Өнімділік – 2020” бағдарламасы әзірленді. Бұл көрсеткішті барлық салаларда көтеру қажет. Елбасы осындай міндет қойып отыр. Нәтижесінде бес жыл ішінде қайта өңдеу саласында еңбек өнімділігі 1,5 есеге артуы керек.

  Альберт Рау,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:

-Бүгінде басты екі мақсатты анықтап алдық. Біріншіден, тауар өткізу жағын қамтамасыз ету. Бұл орайда қазақстандық мазмұнды арттыру бағдарламасы көмекке келеді. Сонымен қатар тауарды экспортқа шығаратын кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Екінші бағыт – тауар бәсекеге қабілетті болуы үшін жаңа технологияларды іздестіру қажет. Бұл жерде де тиісті шаралар қолға алынуда.

Осылайша, мемлекет бизнес қауымдастыққа әрі қарай да барынша қолдау көрсетпек. Тек енді кәсіпкерлердің белсенді атсалысып, мемлекет ұсынып отырған зор мүмкіндікті пайдаланулары керек.

 
Айымгүл Әбілева