Өнеркәсіп

ҮИИД бағдарламасының өңірдегі бет алысы аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралды.



 

 2010 жылы өңірімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 10 жоба қарастырылып, барлығы да сәтті жүзеге асты. 2011 жылдың жоспары да ауқымды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Елбасының 2010 жылғы 29  қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында әрбір индустриялық жобаны жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге халықтың да айрықша бақылауына алу керек деген болатын. Қазіргі кезде экономикалық және индустриялық инновациялық дамуды модернизациялау мәселесі біз үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр.  

Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысына қатысқан кәсіпкерлер осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстары жайлы айтып, жоба аясында тындырылған жұмыстарын ортаға салды. Ақжар ауданындағы “Ақтөбе ГЛАСС” серіктестігі елімізде алғашқылардың бірі болып былтырдан құрылысқа қажетті кварцталған құм өндіруді жақсы жолға қойған. Биыл 60 мың тонна құм шығаруға келісім жасап қойыпты.

  Игорь Жицкий,  “Ақтөбе ГЛАСС” ЖШС әкімшілік директоры:
 – Жобаның құны 11 млн АҚШ долларын құрады. Оның 5,5 млн. өзіміз құйдық. 50 жаңа жұмыс орны пайда болды. Айына 10 мың тонна кварцталған құм өндіреміз. Алдағы уақытта өндірістің қуатын арттырып, өнімімізді жылына 340 мың тоннаға жеткізбекпіз.

  Альберт Рау,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:

-Сіздер осындай  нәтижеге қол жеткізетіндеріңізге сенімдісіздер ме?
 
  Игорь Жицкий,  “Ақтөбе ГЛАСС” ЖШС әкімшілік директоры:
–  Бізге тағы жаңа корпус салу үшін 3,5 млн теңге қажет.
Ол қойма қыстыкүні құм сақтауға арналмақшы. Құмды арнайы орында сақтамаса, қатып іске жарамсыз болып қалады. Жаңа корпус іске қосылса, жылдың төрт мезгілінде бірдей жұмыс істейтін боламыз. Осылайша көздеген жоспарымызға жете аламыз.

Тың жобаларды іске сәтті қоса білген өзге де кәсіпорын басшылары жетістіктерімен мақтана алды. “Шұңғыт” серіктестігі де құрылыс тастарын дайындаумен айналысады. Кәсіпорын биыл өңделген тастардың көлемін 1 млн текше метрге дейін ұлғайтпақ. “Тиолайн” тау- кен өндіріс орнының жобасы тіпті әлемде жоқ. Кәсіпорын жылына 8,300 тонна концентратталған жер байлықтарын өңдеп шығарады. Қазақстан рельстеріне қойылған 4 түрлі отандық вагондарды жасайтын “Зиксто” АҚ -на биыл инновациялық жоба бойынша құрастырылатын 600 жартылай және 300 астық тасымалдағыш вагондарға  тапсырыс түсіпті. Тайынша ауданындағы “Юнивилл” ет кешені өткен жылдың маусым айында іске қосылды. Кәсіпорын ет өнімдерінің 15 түрін әзірлейді. Биыл индустриялық қартаға енуге әзірленіп жатқан кәсіпорын жетекшілері де өз жоспарларымен бөлісті. Минералды тыңайтқыштар  өндіретін “Биоплант Флора” компаниясының құрылысы өткен жылдың соңында басталды.

  Бекет Нұғыманов , “Биоплант Флора” компаниясының өкілі:
 Жобаның инвесторы АКS – grоup. Бұл заманауи сапалы тыңайтқыштар. Әсіресе біздің аграрлық өңірге аса қажет. Баламасы әлі жоқ.  

Сондай-ақ инновациялық даму бағдарламасының аясында “Молсервис” сүт кешені, комбайн құрастыруды көздеген “СП КазБел АгроМаш” зауытының құрылысы басталып кетті. Отырыстың соңында индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау облыстағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесіне мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуын бақылауды тапсырды.

  Альберт Рау,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары:
Индустрияландыру картасына ену қаншалықты қиын болса, жобаларды жүзеге асыру да оңайға түспейді. Сондықтан бастаған істеріңді аяқсыз қалдыруға болмайды. Әр қадамды тереңірек бақылап, сараптама жасау керек. Және белгіленген мерзімнен кеш қалмау да маңызды.  

Бұл айтылған жобалардың ақсап қалмауы үшін облыс әкімі Серік Біләлов та кәсіпкерлік және өндіріс басқармасына бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – Инновациялық жобалардың қартасына енген кәсіпорындардың жұмысы уақытында жүзеге асуына жағдай туғызу қажет. Іске қосылған нысандардың қуаттылығын қамтамасыз ету керек. Озық үлгідегі тың жобаларды әлі де толықтыра түсу қажет.  

Жеңіс Ермұқанов