Ауыл шаруашылығы

Қар тоқтату – бітік егіннің кепілі

 

 

 

 

 

“Орловский и К” ЖШС – Қызылжар ауданында қар тоқтатуға кіріскен алғашқы шаруашылық. Егістікте  жаңа 4 “Белорус” тракторы таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуде. Шаруалар өткен жылдың ауыр тигенін айтады. Құрғақшылық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысына біршама түзетулер енгізді. Ал бұл жағдайда қар тоқтату аграрлық шаралардың ең негізгісі дейді олар. Ең бастысы бұл жұмысты уақытында өткізу.

Владимир Орловский ,  “Орловский и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
-Желтоқсанның бірінен жиырмасына дейін біз қар тоқтату жұмыстарының бірінші кезеңін жүргіздік. 2 300 гектар егіс алқабын толығымен аяқтадық. Ендігі жұмысты 2 аптада тәмамдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Күніне 150-170 гектар алқапта қар тоқтатамыз. Жұмысқа кіріскенімізге 3 -ақ күн болса да, 500 гектар алқапты жүріп өттік.

Аграрлық шараның алғашқы кезеңі басталғанда қардың қалыңдығы 10-20 сантиметр болған. Қазір ол кемінде 50 сантиметрге жетеді. Шаруалар егер қар түссе, бұдан да қалыңдайтынын айтады. Қазір олардың алдында тұрған басты міндет – егін алқаптарындағы қарды жел ұшырып алып кетпей тұрғанда молырақ жинап алу. Синоптиктер боран соғатынын айтып отыр. Болжам бойынша, оның жылдамдығы секундына 20-дан 30 метрге дейін жетеді. Қазір егін алқабында жұмыс істейтін нағыз уақыт. Ауа райы қолайлы болып тұр. Отыз градус аязда қар тоқтату жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Мұз қатқағы кедергі келтіреді, әрі бұндай суықта жанар-жағар май да қатып қалады. Ал күн жылыда әрі жаңа тракторларда жұмыс істеу бір ғанибет дейді шаруалар. “”Орловский и К” серіктестігі 2010 жылы бірнеше бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Мемлекеттің көмегінсіз емес, әрине.

Владимир Орловский ,  “Орловский и К” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
–  Біз мемлекеттің қолдауына сүйенеміз. Негізінен керек-жарақтың барлығын несиеге аламыз. Біз алдағы жылға қажет жанар-жағармай, гербицидтердің ақшасын төлеп қойдық. Техника бөлшектерінің де 50 пайызын өтедік.

Механизатор Александр Горенко жұмыс жоспарын орындап отырмыз дейді. Бастысы, қар болсын. Сөйтсе, егін де бітік шықпақ.

  Александр Горенко,  “Орловский и К” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы :
-Бірінші кезеңді аяқтадық. Екіншісін де уақытында тәмамдаймыз. Қар көп болса, ылғал да көп болады. Яғни, егін түсімі жақсы болмақ.

 Қызылжар ауданында  барлығы 86 мың гектар алқапта қар тоқстатылған. Ал бұл жұмыс үстіміздегі жылы облыс бойынша 3 млн. 900 гектар алқапта жүргізілмек.  Яғни бүкіл егіс алқаптары қамтылады. Бұның барлығы жақсы түсім алу үшін жасалуда. Өткен жылдың тәжірибесі  бұндай шараның тиімділігін дәлелдеді дейді мамандар.

Айымгүл Әбілева