Қоғам

Бүкілхалықтық қолдау


 

Бүгінде облыста 208 үкіметтік емес ұйым бар. Олардың қызмет аясы өте кең. Азаматтық ұйымдардың мәртебесі заң жүзінде анықталған. Олардың  бастамаларын мемлекет тарапынан қаржыландыру да артып келеді. Сөйтіп, бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның діңгегіне айналып отыр. Дөңгелек үстел басына жиналған қоғамдық бірлестіктер өкілдері еліміздің тұңғыш Президентінің өкілеттігін ұзарту үшін референдум өткізуге бірауыздан қолдау танытуда. Мемлекетіміз бүгінгі бағыт-бағдарынан таймаған жағдайда ғана азаматтық қоғам қазіргі даму қарқынын сақтамақ.

  Әсемгүл Есқожа , “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” ҚБ төрайымы:
ҚР тәуелсіздік алғаннан кейін азаматтық қоғам дамып келеді. Көптеген жағдайлар жасалуда. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзартқаннан кейін жұмысқа белсенді араласып, еңбек етеміз деп ойлаймын.

Әрбіреуінің алдында үлкен міндеттер тұр. Мәнісі әр алуан болғанымен, барлығы азаматтық қоғамды дамытуға бағытталмақ. Облыстық кәсіподақ ұйымы қазір Елбасының жаппай еңбек келісімшарттарын жасау туралы ұсынысын жүзеге асырып жатыр. Ал еңбек ұжымдары осы күні бұл жұмыстың жемісін көріп те үлгерді.

  Жамал Ахметова, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы:
 –Менің әріптестерім, еңбек ұжымдарының өкілдері референдум өткізуді барынша қолдап жатыр. Бұл қадам біздің жарқын болашағымыздың кепілі болатынына сенімдіміз.

Ал Валентина Мынза – жеке кәсіпкер. Ол өзінің шағын ісін Березов ауылдық округінде дөңгелетіп отыр. Белсенді іскер әйел – қоғамдық ұйымның мүшесі,  өзінің жетістігін мемлекет басшысының көреген саясатымен ғана байланыстырады.

Валентина Мынза, жеке кәсіпкер:
Елбасының сындарлы саясатының арқасында біз дамып келеміз. Азаматтарға өз істерін ашып, дамытуға бар жағдай жасалып жатыр. Президенттің көрегендігі болмағанда, мүмкін бүгінде үйде отырар ма едім. Еліміз бұл бағыт-бағдарынан таймауы қажет. Сондықтан референдум өткізуді қолдаймын.

Кездесу қорытындысы бойынша, жиналғандар облыстағы барлық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері үндеу қабылдады. Азаматтық сектор еліміздегі аса маңызды саяси науқаннан сырт қалмай, референдум өткізу бастамасына барынша қолдау танытпақ.

Айымгүл Әбілева