Білім

Қалалық пән олимпиадасы

   
 

 

 

 

Білім мен бақ, зеректілік пен ұшқыр ойлау қабілеті сыналатын бәйгеге қатысуға биыл 1 560 оқушы өтініш білдіріпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жыл сайын оқушылардың санымен қатар білім деңгейлері де жоғарылап келе жатқан көрінеді.

  Күлзағира Нұртаева, қалалық білім бөлімінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі:
– Былтыр облыстық олимпиадаға 180 оқушы қатысқан болатын.
Соның 68-і жүлделі орынға ие болды. Республикада қала оқушылары жыл сайын жүлдемен келеді. Былтыр 2 бірінші орын болды.

Қатысушылар қаланың эстетикалық тәрбие беретін №8 мектеп-кешені, №1 орта мектеп және №17 ұлттық өркендеу мектебіне бөлінді. Өз күштеріне сенсе де іштей қобалжып отырған оқушылардың бір тобы  құқықтану мен Қазақстан тарихы пәндерінің білімпаздары. Ырысты Кенжебаева үшін бұл алғашқы олимпиада. Бірақ сүйікті пәніне қызығушылық пен үздіксіз дайындығы оған жігер береді.

  Ырысты Кенжебаева, №20 орта мектептің  9 сынып оқушысы:
 –  Заңдар, Конституция дегендерді, Президентіміз, референдум дегендерді білгім келіп еді. Ұстазымның көмегімен құқықтану негіздері пәнін сондықтан таңдадым. Көп дайындалдым, 1 орын аламын деп үміттеніп келдім. Сол үмітім  ақталатын шығар деп ойлаймын.

№1 орта мектептің оқушысы Айжан Казова  география пәнінің тестіне үңіліп, сұрақтарға жауап беруге кірісіп кетіпті. Оқушының ширақ қимылдарынан бұл пәнді жақсы білетінін аңғаруға   болады.

  Айжан Казова, №1 орта мектеп оқушысы:
 -Мен географияны таңдадым. Себебі мұғалім болғым келеді. Сұрақтар қиын емес, мен көп дайындалдым. 1 орын аламын.

2 күнге созылатын олимпиада қорытындысы дүйсенбі белгілі болмақ.

Кәусар Аяпбергенқызы