Құқық қорғау органдары

Телефон алаяқтарынан сақтану керек

 

 

 

 

Тәртіп сақшылары соңғы уақытта телефон арқылы айлаларын асырып, оңай жолмен ақша тапқылары келетіндердің саны артқандығын айтады. Алаяқтар көбіне сенгіш келетін аға буын өкілдерін айналдыратын көрінеді. Жаңа жыл басталысымен 70 жастағы петропавлдыққа телефон шалған  белгісіз біреу өзін Қорған қаласының Ішкі істер басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, қарияға сол қалада тұратын ұлы қару сақтағаны үшін қамауға алынады деген жағымсыз хабарды жеткізеді. Жалған милиция капитаны ұлын құтқару үшін қарт анадан 3 мың АҚШ долларын талап еткен. Ондай үлкен сома болмағандықтан алаяқ көмекті мың долларға жасамақ болып келіседі. Зейнеткер тырнақтап жиған 153 мың теңгесін телефон соғушының нұсқауымен Қарағанды қаласында тұратын адамның есеп-шотына аударады. Қаражатты жібермес бұрын ұлына қоңырау шалып, тексеріп көреді. Өкінішке қарай баласы телефон тұтқасын көтермей, қария айтылғанның шындыққа жанасатынына сеніп қалады. Баласының аман жүргені, басы істі болмағаны сол кеште анықталып, алданған зейнеткер санын соғып қалды. Жедел іздестіру шаралары барысында  қария ақша аударған адамның Қарағанды қаласында тұратын такси жүргізушісі  екені анықталды. Оның айтуынша, екі жыл бойы көрмеген Владимир атты бұрынғы клиенті  бірнеше рет қоңырау шалған. Танысы жазамды өтеп, қамауда отырмын деп әркез ұялы телефонына ақша салуды сұрайды екен. Сөзінде тұрып, қарызын ірі көлемде ұялы байланыс құралы арқылы мүлтіксіз қайтарып жүрген. Асхат ақшаның қылмыстық жолмен келгенін білмедім деп түсіндіруде. Ол өз есепшотына түскен 153 мың теңгені танысының айтуымен үш адамның атына аударған.  Қазір полицейлер  Владимирді және алаяқтықпен келген қаражат  аударылған адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізуде.

Жеңіс Ермұқанов