ТКШ

Көктайғаққа қарсы шаралар

 

 «Благосутройство – Север», «Коммунстрой Сервис», «Фирма  «Универсал» және «Су – 808» ЖШС-нің қызметкерлері тұз бен құм қоспасын таңғы сағат 4-тен ең маңызды көшелерге себеді.  Бұл  серіктестіктерде 8 құмшашқыш машина бар. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар жол қиылыстары, аялдамалар мен көпірлерді баса назарда ұстайды. Себебі осындай  жерлерде темір тұлпарлар қақтығысып, адамдар жиі мертігетін көрінеді. Петропавлда ондай қауіпті нүктелерге Интернационал көшесіндегі күрт түсулер, Караван көшесі бойындағы теміржол көпірі жатады.

  Александр Резов,  «Благоустройство – Север» ЖШС директорының орынбасары:
Құм төсеу жұмысы қаламыздың барлық көшелерінде жүргізіледі. Әсіресе қауіпті жерлерге жиі шығып тұрамыз. Жылы күндері көшелерді 2-3 мәрте айналып шығуымыз мүмкін. Өйткені -10 градуста қар еріп, далада көктайғақ пайда болады.

Құм төсеумен айналысатын кәсіпорын жұмысшыларының айтуынша, әр машина 64 текше метрдей  құм таси алады екен. Жүргізушілер өздеріне берілген учаскені құммен толық қамту үшін жолға үш рет шығады.

  Илья Миллер, жүргізуші:
 – Мен қала ортасындағы аумақты аралаймын. Таңғы төрттен тұрып, Е. Бөкетов, М. Жұмабаев, К. Сүтішев көшелері мен Ойқала ауданына құм шашамын.

Мүмкін кәсіпорын қызметкерлері өз еңбегін мінсіз атқарып жатқан да шығар. Алайда көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер  жолдың қозғалысқа жарамсыз екенін айтады.  Әсіресе, қоғамдық көлік жүргізушілерінің өкпелері қара қазандай. Алексей Литовченко 7-ші бағыттағы автобуспен қаланы күн ұзаққа аралайды. Тәжірибелі маман аялдамалардың маңайы көктайғақ, қасына тоқтауға қорқамын дейді.

  Алексей Литовченко, № 1 автобус паркінің жүргізушісі:
 – «Алтын Арман» базарының маңы мені қатты алаңдатады. Ол жерде халық көп. Ал аялдама жанында құм болмайды немесе аз себіледі. Сонымен қатар Жұмысшы кентіне баратын көпір де назардан тыс қалып жатады. 

Ал нағыз көктайғақтың азабын қаланың шеткері аудандарына шығатындар тартуда.

 Вячеслав Гордин,  «Петропавловск NORD» ЖШС жүргізушісі:
 -Маған жол жағдайы ұнамайды.
Өте тайғанақ. 19 шағын аудан мен Солнечный поселкесі құмды мүлдем көрмеген де шығар.

Жаяу жүретіндердің де пікірі осыған саяды.
Тұрғындар:
-Көшеде жүру оңай емес. Құлап мертігіп қаламын ба деп қорқамын.
-Әрине, жол жағдайы нашар. Дала көктайғақ.

Гүлден Сәрсенбаева