Бизнес және экономика

2010 жылдың статистикалық көрсеткіштері

 Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер  2010 жыл біздің облыс үшін жемісті болғанын айғақтайды.  Әсіресе өндіріс саласы көңіл көншітеді. Жергілікті өнеркәсіп өнімінің көлемі 80,5 млрд теңгені құрады.  

 

 Григорий Полищук, СҚО статистика департаментінің бастығы:
 – Жалпы біздің облыста агроөнеркәсіп саласы басымдыққа ие екені белгілі. Егер де әр азық-түлікке нақтырақ тоқталатын болсақ Солтүстік Қазақстан өңірінде мал мен құс еті 100,7 мың тонна көлемінде өндірілген, сүт 2,4 пайызға артқан. Сұйық май 2009 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өскен.

  СҚО статистика департаментінің бастығы Григорий Полищуктің айтуынша,  құрылыс мекемелері 19,8 млрд теңгеге 576 жаңа ғимаратты іске қосты. Оның 502-і тұрғын үй, қалғаны мәдени-әлеуметтік нысандар. Мәселен, Тайынша ауданында жылына 9 мың тонна өнім шығаратын ет комбинаты тұрғызылды. Жамбыл ауданындағы Пресновка селосында түберкулезге қарсы диспансер ашылды. Білім ошақтары да көптеп салынған. 2009 жылы облыстың өндіріс ошақтарына 53,3 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Алайда кәсіпкерлер    қажет қаражаттың тек 41 пайызын ғана мемлекеттік бюджеттен немесе қарызға алып отырған. Бұл жергілікті кәсіпорындардың жақсы қарқынмен жұмыс істеп жатқанын және қаржылық тұрақтылықты көрсетеді. Тағы бір жағымды жаңалық, аймағымызда бөлшек сауда көрсеткішінің де өскені байқалады.

  Григорий Полищук, СҚО статистика департаментінің бастығы:
 – Меніңше бұл сатып алушылардың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 2009 жылы орташа еңбекақы 45,1 мың теңге болса, 2010 жылы ол 50,9 мың теңгені құраған. Тағы бір атап өткім келетіні, облыста демографиялық өсу байқалады.
Мемлекеттік санақ бойынша біздің өңірімізде халық саны 589,2 мың адамға жеткен. Бұл  2 жыл бұрынғымен салыстырғанда 442 адамға артық.

Тағы бір атап өтетіні былтыр отбасын құрған жұптардың саны да артқан. 2010 жылы өңірде 4 128 отау тігілген.

Гүлден Сәрсенбаева