Өнеркәсіп

Даму бағдарламасына қатысушылар саны артады

 

 

 

 

2010 жылы облыста үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 10 инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Бағдарламаға “Тиолайн”, «Баско», «Құрғақ көбік-бетон қоспалар зауыты» ЖШС мен “ЗИКСТО” АҚ белсене атсалысты.  Кәсіпорындар құрылыс индустриясы , дайын металл өнімдерін шығару мен машина жасау саласында біраз жұмыс атқарып үлгерген. Ескі жылдың қорытындысы бойынша жобаларды жүзеге асыруға жұмсалған инвестиция көлемі 13,9 млрд теңгені құрайды. Дегенмен, биылғы кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көбірек.

Арман Өтегенов, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облысымызда 13 жоба жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі 26,9 млрд теңгені құрайды.

СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Арман Өтегеновтің айтуынша, 3 кәсіпорын өз жұмысын толығымен аяқтап үлгермеген. Себебі оларға  берілген уақыт әр түрлі. Айыртау ауданында орналасқан “Сырымбет” АҚ  тау-кен кешенінің құрылысын 2014 жылға дейін бітіреді. Ал «Маслодел» серіктестігі агроөнеркәсіптік кешенін жаңартуды 2013 жылы соңында аяқтамақ. 432 млн теңгенің инвестициясы құйылатын «Наурыз -2030» кәсіпорыны 2015 жылға қарай жылыжай аумағын кеңейтпек. Жалпы Солтүстiк Қазақстан облысында кәсiпкерлiк пен өнеркәсiптi дамыту  жақсы қарқынмен жүргізілуде. Биыл тағы 6 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Арман Өтегенов, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
– Бізге барлық жобалар маңызды.
Облысымызға машина жасау және агроөнеркәсіп аса қажет. Картаға жаңа жобаларды енгізу мәселесін облыс басшылығы  бақылауда.  

Жобаға кіретін кәсіпорындардың тізімі ақпан айында  белгілі болмақ.

Гүлден Сәрсенбаева