Спорт

Жаңа жылдағы алғашқы медальдарды боксшылар әкелді

 

Турнир Ақмола облысының Красный Яр ауылында өтті. Сайыста 12-13 жас аралығындағы спортшылар күш сынасты. Солтүстік Қазақстан облысының намысын бокстан балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің 8 оқушысы қорғады. Команда жаттықтырушысы Сергей Киселёв тәрбиеленушілерінің нәтижелеріне разы.

Сергей Киселёв, жаттықтырушы:
– Жарыс қызықты өтті.
Әрбір спортшы 2 рет жекпе-жекке шықты. Айдын Сапуанов және Никита Сипягин 1-ші орындарға ие болды. Ал Азат Төлеубаев 3-ші орынды еншіленді. Осындай сайыстардың пайдасы мол. Өйткені мұнда бәсекелестік артып, балалар әбден шынығады.

Жас боксшылар да республикалық додаға жолдама алғандарына қуанышты. Айдын Сапуанов бокспен 4 жыл айналысады, мұндай дәрежедегі жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Бұл жолы Айдынның бағы жанды.

Айдын Сапуанов, бокстан балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің оқушысы:
– Мен осы турнирда 1-ші орын алдым.
Менің қарсыластарым мықты болды. Бірақ мен олардан мықтырақ болып, 1-орын алдым

Никита Сипягин алтын алқа тағып келгендердің бірі. Ол қырқүйек айынан бастап 7 турнирге қатысыпты. Олардың төртеуі бокстан болса, үшеуі кикбоксингтен. Нәтиже жаман емес. Әзірше ұтылып көрмеген. «Жетістіктерімнің барлығы жаттықтырушым Ғабит Үтеновтың арқасында»,- дейді Никита

Никита Сипягин, бокстан балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің оқушысы:
-Дода мен үшін сәтті өтті.
Мол еңбегімнің нәтижесінде чемпион атандым. Бокспен айналысу себебім – өз отбасымды қорғағым келеді. Мүмкін, болашақта Олимпиада ойындарының, Азия ойындарының чемпионы атанармын.

Ал Азат Төлеубаев біздің команданың қоржынын қола медальмен толықтырды. Жалпы  сайысқа Қазақстанның барлық қалаларынан 18 команда қатысты.

Айдана Демесінова