Билік

Петропавлда аквапарк бой көтеріп келеді

Аквопарктің құрылысы өткен жылдың мамырынан басталыпты. Жоспарға сай биіктігі 18,5 метрге дейін жетпек. Бүгінде су кешенінің қабырғалары жартылай көтеріліп, негізгі тірек бағаналары орнатылып жатыр. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ірі жобаны қолға алған Сергей Леонтьев облыс әкімі Серік Біләловті құрылыспен таныстырып, жоспарымен бөлісті.  Мұндағы 6 мың шаршы метр аумақта халықаралық талаптарға сай бассейнді жоғары бойлай 4 бірдей отбасылық  сырғанақ тұрғызылмақшы. Әрбірінің  диаметрі 3 метрлік спиральды сырғанақтардың ұзындығы 150 метр. Бір уақытта мың адамды қабылдай алатын аквапарк қонақтары сондай-ақ спорт зал, фитнес орталығы мен мұз айдынының қызығын көре алатын болады. Бұған қажетті озық үлгідегі қондырғылар Канададан арнайы жеткізілмек. Облыс әкімі нысанды үстіміздегі жылдың 15-ші тамызына дейін тапсыру керектігін айтты.
Осы күні облыс әкімі “Сарбаев и К” ет дүкенінің жұмысымен де танысты. Бұл жерде жылқы, қой, шошқа, құс еті саудаланады. Негізінен Есіл ауданынан жеткізілетін  ет сөреге түспес бұрын екі бірдей тексерістен өтеді екен. Покровка селосында Василий Сарбаевтың арнаулы мал сою орны бар. Кейін өнім цехқа жеткізіліп, шетелдік құрылғылар арқылы мүшеленеді. Кәсіпорын етті ұсақтап, шұжық жасаумен де айналысады. Жалпы бұл кәсіпкердің ет сататын үшінші нүктесі. Екі дүкен қаланың орталығында орналасқан.

Жеңіс Ермұқанов