ТКШ

Мерекелерден кейін қалада қоқыс көбейді

Биылғы жылдың алғашқы онкүндігінде қалалық әкімдіктің анықтама бөліміне қоқыстың уақтылы  шығарылмауына байланысты 86 қоңырау түскен. Шағымдардың көпшілігі “Спецавтотранспорт” өндірістік  кооперативіне қатысты. Жалпы қазіргі күні Петропавлда тұрмыстық қалдықтар шығарумен айналысатын “Спецавтотранспорт ” , “Жолаушы СК” және «Мюльсервис» сияқты барлығы 3 кәсіпорын бар.

Мұхит Нүрсейітов,  қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
– Монополияға қарсы агенттіктің шешімімен «Коммунхоз» мемлекеттік кәсіпорны 2011 жылдың 1-қаңтарынан бастап халыққа қызмет көрсетуін тоқтатты. Арнайы техника тендер арқылы “Спецавтотранспорт» өндірістік  кооперативі және «Жолаушы СК» ЖШС-на тапсырылды.

Айналаның көркін бұзып тұрған жағымсыз көріністер  қаланың Ойқала, Косогор сияқты шеткі аудандарында көптеп байқалады. Ал тұрғындар бұл іске жауапты мекемелер жұмыстарына әйтеуір  бір кірісер деген үмітте .

Тұрғындар:
– Әдетте қоқысты көлікпен келіп әкететін.
Бірақ мерекеден бері әлі бір де бір техниканың келгенін көрген жоқпын. Біз күтіп жүрміз.
– Біздің ауданымызда қоқыс жәшіктерін келіп артып жататынын байқайтынмын. Жиі емес, бірақ келетін. Мына қалдықтар жаңа жылға дейін де болған, сол күйінде әлі жатыр.

Осы жағдайды ескере отырып, қалалық әкімдікте ІІБ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, санитарлық қадағалау басқармаларының бірлескен арнайы комиссиясы құрылды.   

Мұхит Нүрсейітов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
Осы жағдайды қалыпқа келтіру үшін қала әкімдігінде мәжіліс өтті. Соған сәйкес “Спецавтотранспорт» кәсіпорнына қаңтардың 12-не дейін қоқыстарды шығару жөнінде тапсырма берілді.

Бұған дейін «Коммунхоз» коммуналдық кәсіпорнымен келісімге тұрған  пәтер иелері кооперативтері енді өз қалауы бойынша аталған 3   мекеменің бірін таңдай алады.

Кәусар Аяпбергенқызы