Әр түрлі

Мамандар экологиялық жағдай қалыпты деп есептейді

 

Облысымызда табиғи өнімдерді пайдаланатын 4 695 кәсіпорын бар екен. Былтыр бұл өндіріс орындарынан ауаға 78 мың 300 тонна зиянды зат бөлініпті. 2009 жылмен салыстырғанда 4 мың тоннаға кем. Бұл көрсеткіш өңіріміздің ауасы мен су көздері  шамадан тыс ластанбағанын айғақтайды дейді экологтар.

Ғалихан Әбділдин, СҚО экологиялық бас мемлекеттік инспекторы:
Экологиялық жағдай бір қалыпты деп айта аламыз. Табиғатты өте бұзуға ешқандай кенеттен болған жағдайлар жоқ. Жалғыз Қазақстанда емес, шетелге өтетін Есіл өзенінің тазалығына нұқсан келген жоқ.

“СевКазЭнерго” АҚ республиканың қоршаған ортасына зиянды қышқылдарды бөлетін ірі 43 кәсіпорынның бірі.  Десе де энергетиктер өткен жылы   экологиялық норманы 100%  сақтапты.  Жылу таратушы кәсіпорын бұл көрсеткішке  мұнаралардан қара түтінмен қоса шығатын улы заттарды ауаға сейілтпей ұстап қалатын қондырғылар орнатудың арқасында жетіп отыр. Ал қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында  бұл талаптар  орындалып отыр ма, жоқ па белгісіз болып тұр. Сырты қоршаусыз. Қанша ескертілгенімен коммуналдық кәсіпорындар таразыны әлі күнге дейін қоймапты. Сыртқа шығарылған қоқыс өлшенбегесін табиғат сақшылары қоршаған ортаға қаншалықты залалы тиетінін есептей алмай отыр.  

Ғалихан Әбділдин, СҚО экологиялық бас мемлекеттік инспекторы:
“Диолит” ЛТД жеке меншік кәсіпорыны өздерінің бөлінген қаржыларын баржоғы 35% игерген. “Тиолайн” жеке шаруашылық серіктестігі тіпті 7-10% игеріп отыр. Яғни олар табиғат қорғау мәселелеріне онша мән беріп отырған жоқ.

Былтыр экологтар 681 тексеріс жүргізіпті. Оның барысында қадағалаушы органның мамандары экологиялық заңнаманы бұзудың  452 фактісін анықтады. 30 млн теңгенің айыппұлы салынды.

Ғалихан Әбділдин, СҚО экологиялық бас мемлекеттік инспекторы:
41 нұсқаманы орындап, өз еріктерімен 10,7 млн. теңгені қайтарды. Басқалары қазір қарастырылу үстінде. Өз еріктерімен қайтармағандарды біз заңға сәйкес сотқа беруге мәжбүр боламыз.

Жеңіс Ермұқанов