Билік

Үкіметтің биылғы жылғы алғашқы селекторлық кеңесі

 

Алдын-ала мәліметтер бойынша, өткен жылы еліміздегі ішкі жалпы өнім 7 пайызға артқан. Инфляция 7,8 пайызды құрады. Үкімет отырысында алдымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларының нәтижесі талқыланды. Негізгі тауарлардың бағасы жаңажылдық мерекелер кезінде күрт көтерілгені байқалған. Кей облыстарда еттің келісі 1,5 мың теңгеге дейін жетіпті. Тұрақтандыру қоры арқылы ұн алып отырған кейбір компаниялар нан бағасын 60 теңгеге дейін көтеруге барған. Үкіметтегілердің айтуы бойынша, бұндайларды арнайы органдар тексеріске алған. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мемлекетте 9,3 миллион тонна астық бар деп атап өтті. 2,6 млн тоннаға келісімдер жасалған. Сондықтан сапалы бидайдан қолжетімді бағамен нан ұсынатындай жағдай бар. Өсімдік майы мен көкөністің де қоры жетерлік.  Ал қатты қыстың талайды қалтыратқаны үкіметтегілердің де қабырғасын қайыстырады. Теміртау мен Семейдегі, Приозерск  қазандықтарындағы апаттар бойынша атқарылған жұмысты талқылаған Премьер-Министр әр оқиғаға жауаптылар жазасыз қалмайтынын айтты. Аталған елді мекендермен салыстырғанда біздің  облыстағы қазандықтардың түтіні түзу шығып жатыр. Өңірдегі жағдайды облыс әкімі Серік Біләлов баяндады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Облыстағы жылыту маусымы қалыпты жүріп жатыр. Барлық нысандар жылу жүйесіне қосылған. Облыстағы бюджеттік ұйымдарда отын қоры толық жасалған. 2-ші жылу электр орталығында он қазандық пен 6 турбина бар. Мұнда көмір жеткізу кестеге сай жүргізіледі.

Облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жылдағы ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкелері биыл да жалғаспақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын ұстап тұру бойынша шаралар қолданылуда. Апта сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Жәрмеңкелердегі баға өзге саудагерлердің өніміне қарағанда 15-20 пайызға төменірек. Өткен жылы облыс бойынша 760 жәрмеңке ұйымдастырылды. 457 млн теңгенің тауары сатылды.

Республикалық селекторлык кеңестен кейін облыс әкімі өңірде апаттық жағдайлардың алдын алуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылады. Арнайы жұмыс топтарына бюджеттік мекемелердің жылытылуын бақылауды жалғастыру тапсырылды.
Кеңес соңында зейнет демалысына шыққан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Иван Пересыпкинге Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал басқарма бастығы болып бұған дейін облыстық сәулет- құрылыс бақылау басқармасының бастығы қызметін атқарып келген Игорь Киселев тағайындалды.

Әсем Рахметова