Құқық қорғау органдары

Қала полицейлері өткен жылды қорытындылады

 

 

Жедел кеңес барысында ең алдымен қылмыспен күрес жолындағы жұмыстар сарапталды. Қазіргі таңда пәтер тонау фактісі көбейіп кеткен. Бұл қылмыс түрінің өсуіне учаскелік полиция инспекторларының және жедел уәкілдердің осы бағытта жүргізген алдын алу жұмысының жеткіліксіздігі себеп болды деді қаланың бас полицейі.

Сергей Пуртов, Петропавл қалалық ІІБ бастығы:

Есік, терезелерді күшейту, коды бар құлыптарды, домофондарды орнату, күзет дабылдарын қою жұмысы дұрыс жүргізілген жоқ. Қылмыстардың алдын алу үшін осы мәселеге баса назар аударуымыз қажет. Мысалы облыс орталығындағы 85 162 пәтердің 374-іне ғана күзет дабылы орнатылған.

Жиында патрульдік полиция, аумақтық полиция пункттері қызметінің жақсарғаны сөз болды.  Бұрын сотталғандар және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтар саны әлдеқайда азайған. Алайда ащы судың буына қызып алып, ауыр қылмысқа баратындардың қатары қалыңдап отыр. Осыған байланысты учаскелік полиция инспекторларына тұрмысы төмен отбасылар арасында алдын алу жұмыстарын күшейте түсуге тапсырма берілді.

Александр Михайлов, Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары :

-Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында өткен жылы 105 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді, 2009 жылы 91 адам емделген.

Қалалық полицейлердің жұмысын қорытындылаған облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов 2010 жылы  отбасында бүлік шығарған 300 азаматтың уақытша қамауға алынғанын және тәртіп  бұзған 2 243 тұлғаның тіркеуге қойылғанын айтты. Сонымен қатар полиция полковнигі жеке құрамға қоғамдық тәртіпті жақсартуға байланысты тағы бірқатар  тапсырмалар  берді. Отырыс соңында үздік қызметкерлер грамоталар және төсбелгілерімен марапатталды.

Айдана Демесінова