Қоғам

Референдумды қолдау жөнінде қол жинау аяқталды

 

 

 

 

Жаңа жылдық мерекелер мен демалыс күндері Елбасының  өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту туралы референдум өткізуге солтүстікқазақстандықтардың қолдау білдіруіне  кедергі келтіре алмады. Аз күнде облыс жұртшылығының 172 мыңнан астамы бастамашыл топтың парақтарына қол қойған.

Желтоқсанның 27-сінен ұжымдарда кездесулер өткізіп, шығысқазақстандықтар көтерген мәселенің мән-жайын түсіндірген бастамашыл топ бүгінде өз жетістіктерімен бөлісуде. Облыстағы әр тұрғын Президенттің ел тізгінін ұстауын кезекті сайлаусыз-ақ жалғастыруы керектігін айтуда. Сондықтан болар  межедегі қолды жинап алау қиын болмаған сыңайды.

Геннадий Зенченко, Еңбек Ері, “Зенченко и К ” командиттік серіктестігінің директоры:

Бізде селода 2100 адам тұрады. Насихатшылар әр үйге кіріп, зейнеткерлермен кездесіп, не қылған шара, қалай жүргізілетінін түсіндірді. Барлығы бір адамдай қол қойды. Бізде бас тартушылар емес керісінше, өзге қойыпты, мен неге қол қоймадым дегендер болды.

Облыс орталығының өзінен ғана 40 мың қол жиналған. Республика бойынша 200 мың адамның қолдауы қажет еді. Халықтың жаппай демеуіне ие болған бастамашыл топ 5 миллионды еңсермекші. Әр парақты жергілікті әділет органдары тексереді. Солтүстікқазақстандықтар жинаған қолдың 400-дейі тізімге енбей қалған.

Григорий Кухарь, СҚО бастамашыл топтың төрағасы:

-Облыс орталығында бірқатар көшелердің атаулары өзгеріп кеткен. Еріктілер осы ерекшелікті еске алмаған жағдайдар кездесті. Кейбір елді-мекендердің атаулары, тұрғындардың аты-жөндері толық жазылмаған.

Осындай аздаған кемшіліктерді есепке алмағанда бастамашыл топ референдумды қолдау ісін ойдағыдай атқарды. Бұл істен жас та, кәрі де шет қалмады. Тәуелсіздік туын желбіреткен Қазақстанның тағдырын Президент Н.Назарбаевпен байланыстыратын халық бұл жолы да өзінің көшбасшысының тілеуін тілеп, қолдау көрсетті.

Мүкарам Тайжанова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

Қол жинауда кедергі болған жоқ. Профессор- оқытушылық құрам бар, университет кызметкерлері мен студенттер бұл бастаманы бірауыздан қолдады. Ешқандай үгіттеу немесе қысым көрсету деген болған жоқ.

Қол жиналған парақтар Астанаға жөнелтілген. Елбасының өкілеттігін ұзарту бойынша жұмыстың бірінші толқыны аяқталды. Бастамашыл топ референдумға дайындықтың да аулы алыс еместігіне сенімді.

Әсем Рахметова