Билік

Әкімдердің есеп беру науқаны басталды

 

 

 

Қаңтардың 10-нан елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп берулері басталды. Алғашқылардың бірі болып есеп берген Тайынша ауданындағы Зеленый гай селолық округының әкімі Гүлбаршын Бәтенованың өткен жылы атқарылған істер туралы баяндамасын облыс әкімі Серік Біләлов та тыңдады. Округке қарасты үш ауылды 2 251 адам мекен етеді. Оның 247-сі құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер. “Тайынша-Астық” , “Новый труд” серіктестіктері мен 5 шаруа қожалығы 38 733 гектар жерге егін егеді. Еңбекке жарамды ауылдықтардың  1 пайызы жұмыссыз отыр. Негізгі бөлігі үй шаруашылығын жақсы жолға қойып алыпты.

 Гүлбаршын Бәтенова, Тайынша ауданының Зеленый  гай селолық округының әкімі:
 – Өткен жылы тұрғындар өздерінен артылған 350 тонна сүт пен ай сайын 15 тонна етті жәрмеңкелерді пайдаланып, саудаға шығарды. Осылайша мал өнімін сату арқылы әр саудагер жылына орта есеппен 400 мың теңге пайда көрді. Бізде халық тұтынатын тауар ұсынатын 13 сауда нүктесі бар. Ондағы азық- түліктің бағасын тұрақтандырып,  бір қалыпта ұстап тұру мақсатында мониторинг жүргіземіз.

Былтырғы есептік кездесуде селолық округте жолаушылар тасымалдайтын көліктің жоқтығы айтылған болатын. Бұл мәселе өз шешімін көп күттірмей тауып, қазір екі бағытта автобус қатынап жүр. Бұл жолы да есепті тыңдап болған соң тұрғындар қордаланып қалған сауалдарын қойды.

  Анатолий Рафальский, “Тайынша-Астық” ЖШС директоры:
 –  Округте тұрғын үй салу мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе баспана жас отбасыларына қажет. Ал бұл бағытта құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ. Біз бұл істі бастауға әзірміз. Тек үкімет өз үлесін қосса дейміз.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 –  90-100 шаршы метрлік 3,4 бөлмелі үй тұрғызуға шамамен 5 млн. теңге жеткілікті. Осындай 10 баспанаға 50 млн. теңге қажет. Серіктестіктер 25 млн. қарастыра алса,  облыстық мәслихаттың шешімімен қазынадан қалған 50 пайызын бөлеміз.  

Тұрғындарды округтегі жалғыз емдеу мекемесінің бүгінгі күйі де алаңдатпай қоймайды.

  Бекмұхамбет Әмірханов, зейнеткер:
 – Денсаулық – зор байлық. Дөкей ауруханамыз  бар еді, қазір медпункт. Соған күрделі жөндеу жүргізілсе.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Дәрігерлік амбулаторияның дәрігері жоқ.  Аудан орталығына жету үшін 5 шақырымды жүріп өту керек. Сырқат жандарға тым қиын. Бұл мәселені шешу керек. Біз нысанды қалпына келтіруге қол ұшын береміз.

Сондай-ақ өткен жылы есептік жиында көтерілген көшелерді жарықтандыру, ғаламтор, телефон байланысының сапасыздығы сияқты әлеуметтік мәселелер тағы сөз болды. Әсіресе тұрғындарды таза ауыз су мәселесінің  жуық арада шешімін табатыны қуантты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Тайынша ауданы бойынша су құбырларын өткізуге жоба- сметалық  құжат жасап қойылды. Оған Зеленый гай селолық округі де кіреді. Биыл, әрі кеткенде 2012  жылы сіздерге таза ауыз су жетуі тиіс. Оны тарату үшін қыруар жұмыс жасау керек. Сондықтан сәл шыдаңыздар.  

Жиынды қорытындылаған Серік Біләлов бүгінгі көтерілген әр мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Жергілікті билік өкілдеріне оларды жақын арада шешуді тапсырды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–  Құрметті қауым,  бүгінгі кездесуде маңызды мәселелер қаралып, өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Келген Жаңа жыл бәрімізге құтты болсын, бақыт, мол табыс әкелсін соған тілектеспін.

Кейін облыс әкімі тұрғындардың көңілі толмай жүрген  әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Серік Біләлов Зеленый Гай орта мектебіне ат басын тіреді. Ата-аналар мектеп өте суық дейді. 2009 жылы білім ошағының жылу жүйесі толығымен жаңартылыпты. Іші де әрленіп, қалпына келтірілген. Алайда 23 жыл бұрын іргесі қаланған ғимараттның қасбеті бүгінге дейін жөндеу көрмепті. Терезелері де әбден тозған. Сондықтан 3 570 шаршы метрді алып жатқан оқу орнының іштегі жылуы сақталмайтын көрінеді. Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін 15 млн теңге бөлінетінін жеткізді. Округтегі жалғыз дәрігерлік амбулаторияда да осы мәселе. Құрылғылары да тозған. Ағын судың жоқтығынан тіс емдеу кабинеті осыдан 4 ай бұрын жабылып қалыпты. Серік Біләлов жергілікті басшылыққа жуық арада ауыз сумен қамтылған әлеуметтік мекемелердің бірінен тіс дәрігеріне жұмыс орнын бөлуді жүктеді. Ал денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жасауға 5 млн теңге құйылатынын айтты.

Жеңіс Ермұқанов