Қоғам

Біз референдумды қолдаймыз!

 

 

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын солтүстікқазақстандықтар қызу қолдауда. Өңір халқы бұл идеяны бірден құптап, алғашқы күндердің өзінде-ақ 15 мың дауыс берген болатын. Қалалық мәслихат депутаты Ринат Белогонов та тұңғыш Президентіміздің орнында қалып, игі бастамаларын аяғына дейін жеткізуіне тілектес. Ол бүгінгі күні Н. Назарбаевқа балама  жоқ екенін айтады. Ал референдум сайлаудан гөрі уақытты үнемдеп, елді жаңарту жұмыстарымен айналысуға, алға жылжуымызға мүмкіндік береді дейді. Ринат Белоногов таяуда  референдум туралы ұсынысты талқылауға арналған Өскемендегі кездесуге қатысып қайтқан өңір делегациясының мүшесі.

  Ринат Белогонов,  қалалық мәслихат депутаты:
Біздің көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  өзінің көреген саясаткерлігінің арқасында барша әлемге Қазақстанның жас болса да, болашақта талай асуларды бағындырарын толығымен дәлелдеді. Елбасы республикамыздың әр қадамын бағдарлап, оны кезең-кезеңімен орындап келеді.

Ринат Белогонов – спорттық акробатика бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Айта кету керек, Қазақстанда акробатика мектептері тапшы. Жалпы 7 спорт орталығы бар. Соның бірі біздің қаламызда әлем чемпиондарын тәрбиелеуде. 250 жеткіншекке спорттың аса қиын түрінен тәлім беретін ұжымның  жетекшісі елімізде салауатты өмір салтына ерекше мән берілетінін айтады. Елбасы спорттың өркендеуін өзі бақылап отырады. Оның жемісін біз көріп жүрміз дейді.

  Ринат Белогонов,  қалалық мәслихат депутаты:
Біз тәуелсіздігімізді алғалы Қазақстан спортшылары еліміздің абыройын әр түрлі әлем чемпионаттарында асқақтатып жүр. Атап өтетіні, тұңғыш Президентіміз халықты спортқа тарту жолында көп еңбек атқаруда. Соңғы Жолдауда белгілегендей қазақстандықтардың 30 пайызы салауатты өмір салтына тартылуы керек. Ал елімізде Азия ойындарының өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе.


Ринат Белогонов Елбасымыздың алдағы уақытта әлеуметтік салада әлі талай игі істер атқаратынына кәміл сенімді. Спорт мектебінің директоры мемлекетіміз осы даму қарқынынан қайтпаса, болашақта алпауыт елдермен терезесін теңестірері ақиқат дейді.

Гүлден Сәрсенбаева